Қазақстан Халқы Ассамблеясының бірыңғай күні аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды. Оған этно-мәдени бірлестіктер төрағалары мен белсенді жастар қатысты. Дөңгелек үстелде жобаның маңыздылығы сөз болып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Елбасы тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырған еді.
Осы мақсатта «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.
Енді гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары қазақшаға аударылып, жастардың халықаралық деңгейде білім алуына мүмкіндік тумақ.
Аудару жұмыстарын «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры ұйымдастырады. Оған еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман ат салысып жатыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Ағайын» өнер-білім орталығы ашылдыАударылатын кітаптарды іріктеуге 800-ден астам кітап ұсынылған. Олардың ішінен соңғы 3 жылда шыққан, бірнеше рет басылған 18 кітап таңдалған.
-Бәрімізге белгілі, 12 сәуір күні Елбасының қатысуымен «100 оқулық» жобасының таныстырылымы өтті. Ол жерде осы кітаптарды қазақ тіліне аудару жұмысының нәтижесі көрсетілді. Бұған дейін гуманитарлық бағыттағы шетелдік авторлар туындыларының тікелей аударылымы болмаған. Қазір ол кітаптар жастарымызға өте қажет деп ойлаймын. Осы бір жылдың ішінде 18 кітап аударылды. Біз бұл оқулықтарды халыққа насихаттауымыз керек. Соған байланысты Қазақстан Халқы Ассамблеясы 18-20 сәуір аралығында республика деңгейінде бірыңғай күн өткізіп жатыр», - деді МО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» ММ басшысы Жайылханова Амангүл.
Жобаға енген кітаптар тізімін 100kitap.kz сайтынан қарап, танысуға болады.
Айта кетейік, аударылған оқулықтар 2018-2019 оқу жылында барлық Жоғары оқу орындарына енгізіліп, оқытыла бастамақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА