©
Елбасымыздың "гендерлік теңдікке қол жеткізудің 2006-2017 жылдарға арналған стратегиясы" Жарлығы бойынша ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылып отыр. Демек, ерлер мәселесі де назардан тыс қалмайды. Күні кешеге дейін төмен етекті саналып келген әйел заты бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге, тіпті, елдік, ұлттық саясатқа араласып келеді. Қазір әйелдің рөлі ерекше. Бұрын орны тек отбасы мен ошақ қасы саналып келген әйелдің бүгінгі бейнесі әмбебап механизмге құрылған дерлік. Себебі қазіргі заман әйелі отбасы мен қоғам арасына әдемі байланыс орнатып, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Астары айтпай-ақ түсінікті. Жабайы капиталистік идеяға негізделген қоғам соған үндейді. Біз білетін қазіргі әйел бейнесінің қыры көп. Айталық, әйел - саясаткер, әйел - көлік жүргізуші, әйел - бала тәрбиелеуші, әйел - үй күтуші, әйел - заңгер, әйел - экономист, әйел... Тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әрине, әйел, ең бастысы - ана. Бірақ соған қарамастан нәзік жанды әйел қоғам көшін алға сүйреуге белсенділік танытуда. Бұған соңғы он шақты жылдан бері гендерлік саясатты жолға қою мәселесі де себепші болды. Ал, ел арасында бұл жайында түрлі пікірлер туындап жүр. Әйел мен еркектің орыны алмасып бара жатқандай.
Қоғамның қазіргі даму үрдісі осыған жетелейді, осыған үндейді. Ақпараттық технологияға құрылған дәуір көші кетіп барады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жалғыз басты ерлерге қарағанда әйелдер 5 есе көп. Жұмыссыздықтың 60 пайызын әйелдер құрайды. Сондай-ақ мүгедек ерлермен салыстырғанда осындай, яғни жарымжан әйелдердің жалғыз қалуы жиі кездеседі екен.
Гендерлік саясат дегенде адамдардың түсінігі әр түрлі. Гендер мәселесіне жан-жақты қарау қажет. Көбі гендерлік саясатты әйелден еркек жасау деп түсінеді. Гендерлік саясат дегеніміз, әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу боп табылады.
Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігі мәселелерін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп елірте беру емес. Бұлай түсіну қисынсыз. Әрине, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, бұзылған, қиындыққа төзе алмаған әйелдер де бар. Бірақ гендерлік саясат стратегиясынан отбасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік, яғни гармония жоғалмайды. Ал, үйлесім таппағандар тек өзіне өкпелеуге тиіс. Бұл стратегия сонау кеңес дәуірі жаңа орнай бастаған кездегі Бейімбет Майлиннің «Раушан коммунистін» еске салады. Қазір тек формасы басқаша. Бірақ сол саясаттың нақ өзі. Бүгінде елімізде биліктен, саясат әлемінен бой көрсетіп жүрген қазақ әйелдері жаңа заманның жаңа үлгісіндегі Раушандар. Демек, бізде тәуелсіз Қазақстанның жаңа образды Раушан «коммунистері» өсіп келеді. Олай болса, қазақтың есті әйелінің бейнесі қашан да мынадай. Ол - «бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді»
Маңғыстау облысының
кәмелетке торлмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маманы C.Самалыкова