Өлкеміздің ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосып жүрген білікті маман, «Агророст» ассоциациасының президенті Нұрсәуле Жайынбаеваның сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Нұрсәуле ханым, қайырлы күн. Алдымен еңбек жолыңызға қысқаша тоқталып өтсек. Бұл салаға қалай келдіңіз?
- Бұл кәсіппен айналысамыз деп ойламаған едік. 1992 жылы дүкен сатып алып, бұл істі бастаған кезде «70 пайыз көкөніс профилін ұстаңыз» деген шарт қойылды. Ол ірі мекемелердің өзі құлдырап жатқан кез, сондықтан мойнымызға алған міндетті дұрыс орындауымыз керек болды. Содан не істеу керектігін ойландық. Жолдасым «егінді өзіміз салайық, өзімізге қажетті өнімнің барлығын өзіміз шығарайық» деген ұсыныс айтты. Сөйтіп алғаш рет Қарақияның ойында 25 гектар жерге егін ектік. Қарбыз, қауын, қияр, баклажан, бұрыш отырғыздық. Бірінші рет егін еккендіктен қиындығын да көп көрдік. Қазіргі «ҚазТрансОйл» ол кезде «Южнефтепровод» деп аталатын, суды солардан алдық. Еділдің суын сағатымен береді.Үлкен еңбектің, табандылықтың арқасында мойнымызға алған міндетті атқарып, 70 емес, 80-90 пайызға дейін өнім өндірдік. Картоп пен қырыққабатты ғана басқа жақтан алдырдық. Біз тіпті сатылымға шығарған өнімдерімізді жеткізіп үлгермей жататынбыз. 1992 жылдан 1995 жылдарға дейін осылай болды.
- Өнімдеріңіз қайда жеткізілетін еді?
- Қалаға әкелетінбіз. Бір көлікпен қарбыз, қауын, бір көлікпен қияр, қызанақ, тағы бірімен қызылша, сәбіз, баклажан, шабдалы да бар, толтырып әкелеміз. Түстен кейін келген үш көліктен кешке дейін бәрі сатылып кететін. Барлығына өз қаржымызды салатынбыз. Жалпы ол кезде ауыл шаруашылығы үшін қиын кезең еді. Бірден табысқа кенеле қалмайсың. Себебі ол бізге қалған мұра емес, бәрін басынан бастадық. Егер дайын тұрған дүние болса, әрі қарай алып кету жеңіл болар еді. Тақтайдай жерге егін егіп, пайда көру үшін қанша қаржы жұмсадық, қанша тер төгілді.
Одан кейін Құмды мүйіс деген жерге көштік. Өкінішке қарай, қазған құдығымыздың суы ащы болып шықты. Бірақ аянғанымыз жоқ, қанша қиындыққа кезіксек те, істі орта жолда қалдырған жоқпыз. Соның бәрінен өтіп, 2000 жылы фермерлік шаруашылық бірлестігін құрдық. Нидерланды елшілігінен аз-кем қаржы алып, тренингтер, семинарлар өткіздік. Сол кезде фермерлерге бірігейік деген ұсыныс жасағанбыз. Себебі біз профессионал фермер емеспіз, қалай жұмыс істеу керектігін айтып, кеңес беретін адам қажет болды. Менің мамандығым – есепші. Жолдасым – инженер. Ол өте жақсы маман еді, технологияларды жақсы білетін. Сол ер азаматтың мені қолдауының арқасында осындай табысқа жеттік. Өкінішке қарай, 2010 жылы дүние салды. Ол кісі кеткен соң біраз қиындыққа кездесіп жатырмыз.
- Бұл істің маманы емеспіз деп отырсыз. Қосымша білімді қайдан алдыңыз?
- 2001 жылы «Агророст» ассоциациясын құрдық, әрі сол кезде Республиканың Фермерлер Одағы құрылды, оны да катар алып жүрміз. Консультация беретін маман болмағандықтан, әркім өз білгенін істеді. Интернет те аса дами қоймаған. Сосын 2005 жылы «Маңғыстауда су көздері өте тапшы, сол үшін тамшылатып суару жүйесін енгізу керек, соған көмек сұраймыз» деп, көптеген компанияға хат жаздық. Хатқа жауап беріп бізді шақырып, мән-жайды түсіндіруін сұраған тек «Аджип» компаниясы болды. Осы жобаны қолдаған сол кездегі Каримова Дариға ханымға үлкен алғыс. Ал қазір 1200 Га жер осы құрылғымен суарылады. Суды үнемдеу, жеткізу, топырақтың құнарлылығын жоғалтпау – осының бәрі әлсіз тұсымыз ғой.
2007 жылы 17 фермерді Волгоград ауылшаруашылық академиясына апарып 1 ай оқытып келдік. Себебі онда АӨК саласында қолданылатын әдістерді практиктер жасап жүр. Технология күн санап дамып, күнде бір жаңалық шығып жатыр. Шетелде технология, оқу орталықтары дамыған. Жаңадан бір технология пайда болса, сол бойда енгізеді. Сондықтан шетелге барып оқып, тәжірибе алмасып тұрамыз. Біз, шыны керек, қазір 90 пайыз импорттық өнім жеп отырмыз.
- Бізге не кедергі сонда? Неге олар секілді өз өнімімізбен өзімізді қамтамасыз ете алмаймыз?
- Мен қазіргі облыс басшысына үлкен рақметімді айтқым келеді. Бұған дейін де бұл мәселені айтып жүрміз, бірақ оны жауапты қызметкерлер қолдаған жоқ. Идея бар, көзіміз көреді, тәжірибе жинадық, қалай істеу керектігін білеміз. Бірақ өңірдің басшысы қолдамаса, бізге жұмыс істеу қиын, әрине. Обыс әкімі Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы мұнайға қарап отыра беретін жағдай жоқ, кәсіпкерлікті дамыту керек, ауыл шаруашылығын қолдау керек деп мәселе қойды. Біз «Маңғыстаудағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту» атты концепция жасадық. Оның ішінде мал, егін, балық шаруашылығы қамтылған.
Елбасы жолдауында дамыған 30 елдің қатарына кіруіміз керек деді. Облыс басшысы оқу орталығы жайлы естіген соң қолдау керектігін айтты. Қазір бюджетке салды, біз қаржы күтіп отырмыз.
Бізге оқу бітірген жастар келеді, бірақ іс-тәжірибесі жоқ. Сондықтан арнайы оқу орталығын аштық. Біздің мақсатымыз – оларға тәжірибе беру жане болашақта оларды нағыз маман етіп, осы ортаның жұмысына тарту. Нәтижесінде Маңғыстау болашақта органикалық өнім шығарушы аймаққа айналуы мүмкін.
- Оқу орталығына тоқталсақ. Қанша уақыт оқу қажет, не үйретеді?
- Біз бір жылға бюджетін есептеп бердік. Бұл уақытша дүние болмауы керек. Болашақта жергілікті басшылар қолдаса, осы жерде ғылыми орталық та ашылып қалуы мүмкін. Маңғыстаудың жері, климаты өзге аймақтарға ұқсамайды. Топырактың ең төмен бал бонитеті бізде. Ал фермерлер болса баяғыша келе жатыр. Сондықтан тәжірибелі мамандардың көмегінсіз өнім өндіру оларға қиын болып отыр. Негізінде әр өсімдіктің өзіне сай топырақ құрамы жане күтімі бар.
Болашақта өз агрономдарымызды ветеринар зоотехниктерді жаңа заманға жаңа технологияларды игеруге дайындап, ертеңгі күні сол мамандар өзіміздің фермерлерге бағыт беретін жағдайға жетуіміз керек.
- «Маңғыстауда ештеңе өспейді» деген пікірді жиі естиміз. Біздің жеріміз қандай өнім өсіруге қолайлы немесе қай өнімнің өсуі қиын?
- Бізде бәрі де өседі. Бірақ бірінші су көздерін тиімді пайдалану керек. Фермерлердің әрқайсысы құдық қазып алса, бұл бірінші су асты көздеріне зиянын тигізеді. Судың құрамында минерализация көбейіп, ол суды құйғаннан кейін жердің топырағы тұзданады, құнарлылығы төмендейді. Қазір қай жерде үлкен су көзі бар, осылардың картасын жасау керек. Әрі оны «Су жүйесі» мекемесі басқаруына алу керек. Ал көкөніспен айналысатын фермерлерге суды құбырмен жеткізіп беру – аудан әкімшілігінің жұмысы. Әрі қарай суды жинақтау және поливке дайындау – фермердің міндеті. Осындай жолдар арқылы импортты азайтамыз. Судың мәселесін шешу бірінші орында. Маңғыстаудың климатын, жерінің жағдайын, су көздерін ескеріп, қолайлап, әртүрлі «АГРОЗОНА» ұйымдастыруға да болады.
- Ауыл шаруашылығы саласында білім алған жастар неліктен басқа салаға ауысып кетіп жатады? Олардың мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмауына не себеп деп ойлайсыз?
- Басқа жұмысқа қалай бармайды? Ол оқуын бітіріп, фермерлік қожалыққа келеді. Фермерлер оларға кәсіби тәжірибе бере алмайды, әрі төлейтіні - шамамен 40-50 мың теңге. Сондықтан мамандығын тастап, басқа салаға кетуге мәжбүр. Олар келу үшін іс-тәжірибе орталықтарын ашып, тәжірибе беріп, дайындап шығару қажет.
Неліктен шетелден маман шақырамыз? Европа және басқа елдерде осындай жақсы орталық қалыптасқан. Жапония құлап жатқан жерінен қалай тұрды? Олар Американың зейнетке шыққан мамандарын өздеріне тартты. Израильдің жері біздікіне ұқсайды, тіпті құнарлылығы жағынан төмен. Олар тақыр жерден технология арқылы түрлі өнім алып, шалшық суда балық өсіріп отыр. Ал біз теңіздің жағасында тұрып өсіре алмай келеміз. Негізінде осы сала дұрыс жолға койылса, өз нәтижесін береді.
- Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА