«Арман» жастар орталығында қала жастарының басын қосқан жиын өтті. Оған қала әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшелері, білім беру ұйымдары мамандары, студенттер мен оқушылар қатысты. Жиын қатысушылары Елбасының «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін талқылады.
Елбасының бұл үндеуі еліміз үшін маңызы бар бірнеше әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған шараларды міндеттеді. Бастамаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дамуына жол ашады.
Әсіересе баспана алу үшін алынатын бастапқы жарнаның 20 пайыз болатыны жастар үшін тиімді болмақ. Сондай-ақ білім гранттарының артуы оқуға түсе алмаған жастар қатарын азайтуға мүмкіндік бермек.
-Қазіргі таңда Елбасы, Үкіметіміз жастарға бар мүмкіндікті беріп отыр. Соны дұрыс пайдаланып, абыроймен атқарғанымыз жөн. Жастар саясаты саласында да көптеген өзгерістер орын алып, жаңа заң, тұжырымдамалар қабылданды. Жастармен жұмысты жаңа бағытқа бұрып жатырмыз. Бұрынғыдай 5 минуттық, 1 күндік маңызы бар флешмоб, концерт секілді бағдарламалар өткізуді тоқтаттық. Оның орнына басты бағытты жастардың әлеуметтік мәселелеріне, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға бұрдық. Атқарған жұмыстың нәтижесі болатын тұсын қарастырамыз. Ең бастысы, жастарымыз білім алып, үйреніп, мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды тиімді меңгеруі керек. Сондықтан сіздерді белсенді болуға шақырамын, - деді МО Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов.
Бұдан өөзге білім беру, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Атамекен» микроқаржы ұйымы өкілдері күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты баяндама жасап, жастарды Елбасы үндеуі бойынша жұмыс істеуге, белсенді болуға шақырды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА