Наурыз мерекесі қарсаңында абыз Әбіш ағамыздың өзі кірпішін қалаған Батыр ауылындағы №10 орта мектепте жергілікті ғалым Өмірзақ Озғанбаевтың балаларды ғылыми жұмысқа тарту, патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында «Руханият» дарындылар сыныбы ашылды.Салтанатты шараға Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Дүйсенбі Әріп, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жазушы Бектұр Төлеуғалиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев және облыстық, аудандық мекеме басшылары мен аудан ақсақалдары қатысты.
Ашылу салтанатының алғашқы бөлімінде оқушылардың үздік деп танылған үш ғылыми жұмысы тыңдалды. 10 сынып оқушысы Заманбек Рейисов Батыр ауылының өткені мен бүгіні және болашағын сипаттап, құрылу тарихын көрермендерге суреттеп берді. Ал Рамазан Алуадин «Адай ата» жайлы ғылыми жобасын оқыса, Наурызбек Жолдасбаев Адайдың батыры атанған Иса Тіленбайұлын зерттеп, тарих беттерінде айтылмай қалған ерліктері мен шешендіктеріне тоқталды. Сөз соңында көшелерге Иса-Досан батырларының есімін беру туралы ұсынысын жеткізді.
Сөз тізгінін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов болашақ жас ғалымдарға және руханият сыныбының жұмысына сәттілік тілеп, Өмірзақ Озғанбайұлын дәрісханасының ашылуымен құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Өмірзақ Озғанбаев: «Маңғыстау өңірінде ғылыми жұмысқа көп мән беру керек. Балаларды ізденіске тәрбиелеу керек. Осы дәрісханада оқушылар қасиетті мекенімізді, өңірден шыққан батырларымыз бен ақындарымызды зерттеуге талпындырып, көпшіліктің алдында өздерін еркін ұстап, сөздерін зерделеп жеткізуді үйренетін болады. «Руханият» сыныбына жазылған оқушыларымыздың үздік ғылыми жұмыстарын жинақтап, кітапқа, баспасөз беттеріне басып шығаруды көздеп отырмыз», – деп, балаларға білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, мектебіне 4000-ға жуық гүл отырғызып, оларды табиғатты сүюге шақырып жүрген мектеп директоры Құралай Нұрмановаға алғыс білдірді.
Қоғам қайраткері Дүйсенбі Әріп пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырбай Жұпбанов дәрісхана жұмысына сәттілік тілеп, лентасын қиды. Ұлттық нақышта киінген қыздар салтанатты рәсім кезінде тәттіден шашу шашты.
Дәрісханаға кірген қонақтарға мектеп директоры Құралай Нұрманова арнайы жасақталған көрнекілік жұмыстарымен таныстырып өтті. Суреттеп берсем, кабинеттің сол қабырғасына «Кемел елдің ұлы тұлғасы» – деп, қазақтың киіз үйін бейнелеген. Оның шаңырағын Өмірзақ Озғанбаев ағамызға арналған-ды. Уықтарына ұлттың ұлы мұраты жолында жасаған жұмыстарын суреттеп, керегесінің оң жағына ғалымның кітаптары, сол жағына отбасылық өмірі, ал есікке осы мектепке келген әрбір сәттерінен естеліктер орнатқан. Төрге үлкен суретін іліп, оның нақыл сөздерін жазып қойған.
Мектеп директоры Құралай Нұрманова кабинеттің ішін жасақтау кезінде Өмірзақ ағамыздың балалары үстел, орындықтарын әкеліп, атсалысқанын және осылай әдемі болып жарқырап тұрғаны «Сүйіндік» ата қоғамдық қайырымдылық қорының демеушілігінің арқасында екенін тілге тиек етті.
«Руханият» сыныбына келген қонақтар ізгі тілектерін қалдыру үшін «Ақ тілек» кітапшасы жасақталған. Осы кітапшаға алғашқы болып, ғалым Өмірзақ Озғанбаев қолтаңбасын қалдырды.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА