Біз бұған дейін ақтаулық Набира Рахымжан республикалық "Қазақ аруы - 2018" байқауының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Сонымен 2018 жылдың "Қазақ аруы" 6 күннен соң 21 жасқа толады. Набира Мұнайлы ауданында білім алған екен. Қазіргі уақытта ол Астанада оқып жатыр.
"Байқаудан кейін мен оқуымды тәмәмдап, магистратураға түсуді жоспарлап отырмын. Болашақта студенттерге тарихтан сабақ берсем деймін. Маған олармен жұмыс істеген қатты ұнайды, оларды оқытып, түсіндірген ұнайды. Бәлкім өмірімді сахнамен де байланыстыратын шығармын", - дейді Набира.
Нақтырақ айтсақ, Рақымжан Набира Рақымжанқызы 1997 жылы 25 наурызда дүниеге келген. Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылдық округінде орналасқан №4 жалпы білім беру орта мектебінде 2003-2014 жылдар аралығында білім алған. Өнерге деген құлшынысы мектеп қабырғасынан бастау алған. Сол сәттен түрлі деңгейдегі термешілер, вокалдық байқауларда бағын сынап,жүлделі орындарды иеленген. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «тарих» мамандығы бойынша білім алуда.
Жетістіктері: 2007 жылы - «Мұнайлы жұлдыздары» 1-ші аудандық байқауында Халықтық вокал номинациясы бойынша 2 орын; 2008 жылы - Қазақстан халықтары тілдерінің I аудандық фестивалінде Қашаған Күржіманұлы атындағы сайыстың термешілер бөлімі бойынша 1 орын; 2009 жылы - Мұнайлы аудандық Қашаған Күржіманұлы атындағы өнерпаздар сайысында "Жыр-терме" номинациясы бойнша 1 орын; 2010 жылы - аудандық «Ұлы Жеңіске мәңгілік тағзым» атты балалар шығармашылық фестивалінде «Жыр-терме» номинациясы бойынша 3 орын; Аудандық «Мұнайлы жұлдыздары» фестивалінде «Жыр-терме» номинациясы бойынша 1 орын; 2011 жылы - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Тәуелсіздік-жастық арқауы» атты VI облыстық жастар Дельфийлік ойындарының "дәстүрлі ән салу номинациясы" бойынша 3 орын; 2011 жылы - Қашаған Күржіманұлы атындағы XX облыстық жыршылар сайысынан «Бас жүлде»; 2012 жылы - «Музыкальный вояж» XX Қалалық эстрадалық ән орындаушыларының байқауынан 2 сыйлық лауреаты; 2012 жылы - аудандық «Мұнайлы жұлдыздары» фестивалінде «Жыр-терме» номинациясы бойынша 1 орын; 2016 жылы - II Дүниежүзілік «Көктем студенті» фестиваліне қатысқаны үшін «Алғыс». 2016 жылы - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәстүрлі «Қыз Жібек-2016» арулар байқауының «БАС ЖҮЛДЕ» иегері; 2017 жылы - Минск қаласында өткен әншілер байқауының «Бас жүлдегері».
"Біздің отбасымызда алты адам: ата-анамыз, ағам мен екі сіңілім бар. Менің отбасым қазір Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында тұрады. Мен үшін ең бастысы - отбасым, ата-анам мен үшін - абыройлы, ал анам болса - ол менің кумирым. Анам бізді өзін мысал етіп өсірді, қандай әйел, қандай ана болу керектігін үйретті. Мен ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Мен өз отбасым туралы ойладым, бірақ қашан болатынын білмеймін", - деді Набира Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында.
Жас та болса, үлкен-үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген Набира жерлесімізге сәттілік тілейміз!
Айгүл ДӘДЕН Суреттер ғаламтордан алынды