Ақтаудағы қатаң тәртіптегі колониядан қашқандарға тосқауыл болған Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың ерлігі жайлы «Алтыншы бекет» атты фильм жарыққа шықты. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
- Сюжет желісіне Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі негіз болған. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қоя білген. Осы жанқиярлық ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Бүгінде Ербол - Ұлттық ұланның офицері. Бұл жоба лаңкестік пен экстремизмнің алдын алуға шақыратын, радикалды дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттауға қарсы құрал, - делінген баспасөз хабарламасында.
Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлер жайлы бұл толық метражды көркем фильм және телесериал Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған арнайы имидждік Бағдарламасын орындау аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Шынайы оқиғаға негізделген «Алтыншы бекет» фильмін қазақстандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп түсірген.
Фильмнің Ақтаудағы тұсаукесеріне Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы әкімдігінің басқарма басшылары, Ақтау гарнизоның командирлері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық БАҚ жетекшілері мен республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері, қоғам қайраткерлері, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері, шоу-бизнес өкілдері шақырылған. Ақтау қаласындағы жабық көрсетілімі 14 наурызда өтті.
Көркем фильмде басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов, Жасұлан Өмірбек, Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғызақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Калимбетов, Жандос Жұмагұлов, Армат Смайылов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова сынды танымал актерлер сомдайды. Фильмнің қоюшы режиссері - Серікбол Өтепбергенов.
Фильм үкен экранға 15 наурыздан бастап шықты.