Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған Маңғыстау делегациясының БАӘ-ге іссапары шеңберінде инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты нығайту бойынша бірнеше меморандумға қол қойылды.
«Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік Корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Абу-Даби Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында инвестициялық және іскерлік қарым-қатынас орнағанын бұған дейін жазғанбыз.
Әмірліктер астанасында өткен экономикалық форумға Маңғыстау облысынан 60 шақты кәсіпкер мен инвестор қатысты. Олар сапар барысында өз істерін дамыту жөнінде бірнеше келіссөздер жүргізді.
«Абу Дабидегі сауда палатасы арқылы инвестиция тартуға өте жақсы жол ашылды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да өз тарапынан осы келіссөздерді әрі қарай дамытуды мақсат етіп қойып отырмыз. Делегация құрамында 20-дан астам кәсіпкерлеріміз бар. Олар өз өнімдері жайлы ақпараттарды, презентацияларды алып келді. Сол салалар бойынша араб инвесторларымен тәжірибе алмасып, жұмыстарын таныстырды», - деді "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облысы бойынша басшысы Нұрбек Қарасаев.
Солардың бірі – ІТ, байланыс қызметтерін ұсынатын «Бикада» ЖШС.
«Бикада» компаниясы Ақтау қаласы бойынша тегін интернет желісін тарату жөніндегі жобасын жасап, соған нақты инвестор іздеп келді. Кездесу нәтижесінде ауызша келісті, әрі қарай қаражат салатын болса, жүзеге аспақ. Жобаның жалпы құны 6 млрд. теңге», - дегенді айтты Нұрбек Қарасайұлы.
Компания болашақта Ақтау қаласын сымсыз интернет желісімен қамтуды көздеп отыр. Бұл жобаға араб инвесторлары қаржылық және тәжірибе алмасу, мамандарды оқыту жағынан көмектесетін болады.
«Біз мұнда инвесторлармен танысып, олармен ынтымақтастық байланыс орнату мүмкіндігіне ие болдық. Алдағы уақытта Дубай және Абу Даби қалаларындағы кеңселерде кездесулер өтеді. Онда жоба егжей-тегжейлі талқыланбақ. Дегенмен араб инвесторлары тарапынан қызығушылық бар. Тіпті олар өз ұсыныстарын да қосып жатыр», - дейді компания басшысы Асқар Бибаев.
Жобаны 2022 жылға дейін аяқтау ұсынылған. Дегенмен компания өкілдері Ақтауды 2020 жылға қарай интернетпен толық қамтуды жоспарлап отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА