©
Соңғы кезде облыс аумағында мал мен түз жануарларының құтыру дертіне шалдыққаны туралы ақпарат жиі тарап жүр. Осыдан 3-4 күн бұрын тағы 14 малдан ауру анықталды дегенді естідік. Мән-жайды анықтау үшін құзырлы органдарға хабарластық.
Зертханаға 49 сынама келіп түсіпті. Оның 27-сі республикалық зертханаға жіберіліп, 24-сі оң нәтиже көрсеткен. Республикалық ветеринариялық зертхананың Маңғыстау облыстық филиалының мәліметінше, бұлардың 18-і сиыр, түйе, жылқыдан анықталған. Қалған алтауы ит, мысық, қарсақ және қасқырдың сынамасынан белгілі болған.
- Бізде сынамалар тексеруден өткізіліп, қорытынды шығарылады. Қорытынды оң болған жағдайда оны республикалық зертханаға жолдаймыз. Олар 3 күн ішінде тағы да тексеріп, шешімін айтады. Мысалы, 27 сынаманың 24-і оң нәтиже көрсетті. Оның ішінде ірі қара мал, үй жануарлары мен жыртқыш аңдар бар, - дейді Республикалық ветеринариялық зертхананың Маңғыстау облыстық филиалы «Сынама қабылдау және ақпараттар» бөлімінің басшысы Дана Жолдыбайқызы.
Дертке душар болған жануарлар Қарақия ауданының Құрық селосы мен Құланды, Бостан (қасқыр), Маңғыстау ауданының Онды, Жармыш ауылдары, сондай-ақ Теңге, Дәулет (қасқыр), Сайын Шапағатов ауылдары және Жаңаөзен (ит), Ақтау (жабайы мысық) қалаларынан анықталып отыр.
Қазіргі таңда облыстық зертханада 4 материал тексеріліп жатыр. Зертхана қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, ең соңғы сынама 22 ақпан күні келіп түскен.
Сурет сайттың архивінен