2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезден бері Қазақстанда 1 наурыз - «Алғыс айту күні» деп белгіленіп, атап өтілуде.
Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Биыл да бұл күн өз деңгейінде атап өтілмек. Айтулы мереке қарсаңында Маңғыстау облысының түкпір-түкпірінде қайырымдылық шаралар өткізу жоспарланған.
Облыстық қарттар үйінде алғыс күніне орайластырылған "Жомарт жүрек - Асар" қайырымдылық акциясы бастау алады. Ал, 1 наурыз күні "Абай" мәдениет кешенінде сағат 15:00-де Маңғыстау облысы әкімінің қатысуымен "Мың алғыс" атты қайырымдылық концерт ұйымдастырылмақ. Билеттерден түскен қаржы өлкедегі науқас балалардың емделуіне жұмсалмақ. Келіңіздер, көріңіздер!
https://www.youtube.com/watch?v=5tSwJCMeJwI