©
2018 жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық деректерге сүйенсек, облыстағы 273 мемлекеттік органда 3124 штат бар. Ал онда бүгінде нақты жұмыс істеп жатқан кадр саны – 2789. Оның 1645-ы немесе 59%-ы әйелдер. Бұл туралы ӨКҚ-де ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаментімен өткен брифингте айтылды.
Өткен жылы 797 бос және уақытша бос лауазымдарға конкурс жарияланған. 337 бос орынға үміткерлер қатысып, тағайындалуға ұсынылған.
Бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 36,2-ні құрайды. Ал республикада бұл көрсеткіш – 38,6.
Әкімдіктердегі мемлекеттік қызметші әйелдер саны –701, олардың ішінде басшылық лауазымдардағысы – 210.
Ал мемлекеттік қызметтегі зейнеткерлер саны – 12, республика бойынша – 777. Оның ішінде әйелдер саны – 11.
Мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі - экономика және бизнес саласы бойынша білім алған мамандар.
Былтыр жарияланған 402 бос лауазымның конкурсына бірде-бір үміткер қатыспаған (оның ішінде басшылық лауазымдар 193 – 48%).
- Мысалы Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары мен бөлім басшысы лауазымдарына ішкі және жалпы конкурстар 3 реттен, Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына ішкі және жалпы конкурстар 2 реттен, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы лауазымына ішкі және жалпы конкурс 2 рет жарияланған. Алайда аталған мемлекеттік органдардағы басшы лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатысуға ниет білдірген үміткерлер болмаған, - деп атап өтті Н. Жанназарова.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша 2017 жылы тестілеуге 3563 азамат қатысқанын айта кеткен жөн. Оның 1149-і тестілеудің оң нәтижесін алған. Оның ішінде әкімшілік мемлекеттік қызметке кіру үшін – 2129 азамат қатысып, 690-ы өткен.
- Маңғыстау облысы бойынша тестілеуден өту үшін ниет білдірген азаматтардың саны артқанымен, тестілеудің оң нәтижесін алған азаматтардың көрсеткіші осы күнге дейін төмен екендігін байқауға болады. Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметке келемін деген жергілікті тұрғындардың тестілеуге немқұрайлы қарағандығы мен қолданыстағы заңнамаларды толық меңгермей, дайындықсыз келуінің белгісі, - деді Департамент басшысы Нұргүл Жанназарова.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА