©
Бытыр Маңғыстау облысының соттарында барлығы 41302 іс пен материал қаралған. Көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 4357 іске ұлғайған. Бұл туралы бүгін ӨКҚ-де айтылды. 1615 қылмыстық іс, 23314 азаматтық, 16804 әкімшілік іс аяқталған.
2017 жылы түрме халқының санын азайту мақсатында бас бостандығынан айыру жазасы төмендетілген. Оның орнына айыппұл салу мен қоғамдық жұмысқа тарту жазаларының қатары артқан. Мысалы 2017 жылы қылмыстық істер бойынша 1380 тұлға сотталса, оның 370-сі бас бостандығынан айырылған.
«Онша ауыр емес қылмыс бойынша сотталған 140 тұлғаның 25-і, ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша сотталған 209 тұлғаның 35-і бас бостандығынан айырылған. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша 418 іс қаралып, 250 тұлғаға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - дейді қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық бойынша 24 іс қаралған. 23 тұлға сотталып, 9-ы бас бостандығынан айырылған. 7 тұлғаға шектеу жазасы тағайындалса, тағы 7-еуіне айыппұл салынған.
Өткен жылы Маңғыстау облысында барлығы 23314 азаматтық іс қаралып, аяқталған. Аталған істің көп бөлігі Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында кездескен. Ал әкімшілік іс бойынша 16804 іс қаралған.
«Сотқа келген азаматтарды татуластыруға, бір-біріне кешірімді болуға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі күні әрбір сотта медиация кабинеті ашылды. Яғни, арыз-шағым бермес бұрын сол медиация кабинетіне барады. Ол облыстық, аудандық соттардың барлығының жанынан құрылды. Бұл кабинетке бару арқылы сотқа дейін даудың алдын алу, жою шаралары жасалады», - дейді Маңғыстау облыстық сотының судьясы Айжан Молбаева.
Айта кетейік, облыс бойынша 203 қылмыстық іс, 1233 азаматтық және 404 әкімшілік іс медиация рәсімімен аяқталған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өрік ағашының күтімі жайлы не білесіз?