Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы Атамекен ӨКП өңірдің кәсіпкерлерімен кездесті.
Отырыс дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің ақпараттық-түсіндірме жұмысына арналды.
Іс-шараның басты мақсаты - жүргізіліп жатқан реформалар мен ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату және бизнес-ахуалды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларды саралау. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексін арттыру бойынша да бірқатар мәселелер ортаға салынды.
-Бұл форумның біз үшін маңызы зор. Өйткені біздің әуежайымыз еліміз бойынша үшінші орында, 5 елмен шектесіп жатырмыз. Бүгінгі таңда Ақтау әуежайынан 1 миллионнан астам жолаушы аттанды. Енді алда бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін не істеу керек, қандай технология қолдану керек деген секілді мәселелер тұр. Бүгінгі форумда осы және өзге де мәселелер талқыланды, - дейді Ақтау халықаралық әуежайының директоры Ерғазы Жолдасов.
Кездесу барысында кәсіпкерлер маңызды мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап алды. Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті, технологиялық және инновациялық даму департаменті, ауыл шаруашылығы, әділет министрлігі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Жоғары Сотының және т.б. мемлекеттік орган өкілдері еліміздің әр саласы бойынша жетістіктеріне тоқталып, баяндама жасады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА