Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті өткізген жиында айтылды.
Мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараға Департамент басшысы Н.Жанназарова мен қала әкімі Ғ.Ниязов және бірқатар мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Ақтау қаласы әкімдігінде өткен семинар-кеңес мемлекеттік қызмет заңнамасы мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатын алға қойды.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Яғни, олардың ендігі табысы бұрынғыдан біршама жоғары болмақ. Бұл өзгеріс әзірге Алматы мен Астананы қоспағанда облыстар арасында тек Маңғыстауда ғана. Мұның себебін департамент басшысы өңірдегі мемлекеттік қызметке келетіндер санының аздығымен байланыстырды.
Өткен жылы облыс бойынша 97 819 заңбұзушылық тіркелсе, оның 83 479-і Ақтау қаласына тиесілі.
Қала әкімдігіне қарасты мекемелерде мемлекеттік қызметшілерге қатысты заң талаптарының орындалмауы жиі ұшырасатын көрінеді. Олардың қызметтік жоғарылауын қамтамасыз ету, 3 жыл сайын біліктілік курсынан өтуі жүйелі іске аспаған.
Сонымен қатар, заңсыздықтардың басым бөлігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, құрылыс пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінде тіркелген.
Департамент басшысы Н.Жанназарова заң бұзған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты қабылданған тәртіптік жазалардың мерзімінен бұрын алынып тасталуы фактілеріне ерекше де тоқталып, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталанбауы керектігін баса айтты.
Департамент мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтауы бойынша әлеуметтік желілердегі парақшаларға да мониторинг жүргізіп отырады.
Нәтижесінде, өткен жылы кейбір мемлекеттік қызметшілер тарапынан ойын-сауық орындарында (кафелерде, демалыс орындарында спирттік ішімдікпен бірге түскен кескіндемелер т.б.) түскен суреттер орналастырғаны белгілі болып, оларға түрлі тәртіптік жазалар қолданылған.
Бүгінгі шарада әдепке жат қылықтарды бейнелейтін көріністері бар фотосуреттерін әлеуметтік желілердегі өз парақшаларына салып, мемлекеттік қызметшілер мәртебесіне нұқсан келетін олқылыққа жол берген Ақтау қаласы әкімдігінің 5 қызметкерінің есімдері аталды.
Тараптар жоғарыда айтылған кемшіліктердің алдын алып, сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау үшін алдағы уақытта бірлесіп әрекет жасауға уағдаласты.
Семинар-кеңестің қорытындысы бойынша нақты шаралар қабылданып, жұмыс жоспары бекітілетін болды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН