©
Бүгін 12.02.2018 жылы Мұнайлы аудандық сотына Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігі 7 тармағымен (бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Ж.-ға қатысты сот үкімі жарияланды.
Бұл туралы Мұнайлы аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға 2017 жылы 28 қазан күні сағат 05:00 шамасында Мұнайлы темір жол вокзалының алдында орналасқан «Ырыс» дүкенінде болған. Азамат Ж. қоғамдық орында жеңіл дәрежедегі мас күйінде сыра сатып алмақ болған.
Бірақ сатушы алкогольдік ішімдіктердің сағат 21:00-ден 09:00 аралығында сатылмайтынын ескертіп, сыра сатудан бас тартқан.
Сатушыға ашуланған Ж. оны балағаттап, намысына тиетін сөздер айтып, бетіне түкірген. Онымен қоймай, электроқазанда қызып тұрған сұйық майды шашып жіберген. Нәтижесінде, ыстық майдан 20 жасар сатушының беті, кеуде тұсы мен қол-аяқтары күйіп қалған.
Сот үкімімен сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Мұнымен қатар 373645 теңге материалдық және 1 000000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.