Енді дүниеге келген сәбидің туу туралы куәлігін 3 сағаттан соң алуға болады. Сонымен қатар қайтыс болуды және некені бұзуды тіркеу қызметтері де жеделдетілмек.
Бұл жоба 2017 жылдың шілде айында іске қосылып, 2018 жылдың наурыз айынан бастап пилоттық жоба ретінде барлық АХАТ бөлімдерінде іске асыру туралы тапсырма берілген.
Құжатты қалай 3 сағатта алуға болады?
«Перзентханада босанған әйел туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің базасына енгізіледі. Мәлімет түскен сәтте ата-аналардың телефондарына құттықтау хат және сәбидің тегі, аты, әкесінің атын көрсету туралы сұрау келіп түседі.Одан соң барлық ақпарат АХАТ бөліміне жіберіледі. АХАТ бөлімі 2 сағат ішінде туу туралы акт жазбасын тіркеп, баланың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі рәсімделген туу туралы куәлікті дайындайды», - дейді Ақтау қалалық АХАТ бөлімінің бас маманы Гүлнұр Күбірбайқызы.
Осы кезде туу туралы куәліктегі мәліметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктің ақпараттық жүйесіне де белгілі болады. Бұл арқылы анасының есеп шотына жәрдемақы аударылады. Ал әкімдіктің ақпараттық жүйесі арқылы нәресте балабақша кезегіне тұрғызылады екен.
Бас маманның айтуынша, бүгінде 40-там астам құжат тіркелген. Айта кетерлік жайт, бұл мүмкіндік әзірге 2008 жылдан бастап некеге тұрған жанұяларға қолжетімді. Одан бұрын отбасы құрғандар құжаттар ХҚКО арқылы ала алады.
Некені бұзу мен қайтыс болуды тіркеу
Некені бұзу мен қайтыс болуды тіркеу қызметтерін де 1 күнде алуға болады. Құжаттарды ХҚКО-на тапсырып, бір күннен соң анықтаманы ала алады.
Қызметтің бұл түрлері наурыз айынан бастап толықтай іске қосылады. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА