©
2017 жылы облыста 833 022 мың шаршы метр жер пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы деңгейден 17%-ға жоғары.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаппай тұрғын үй құрылысы саласына қажетті инфрақұрылымды тарту үшін өңірлерге 4081 млрд. теңге қарастырылған.
Бұл туралы құрылыс мәселелерін талқылаған жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Айдос Хамиев айтты. Басқосу Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевтың төрағалығымен өтті.
Жиынға Ақтау қаласы әкімі, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдерінің құрылыс саласына жетекшілік ететін орынбасарлары, құрылыс компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.
Олар құрылыс саласындағы күрделенген мәселелерді талқылап, шешімін табу және алдын алу мәселелерін қарастырды.
- Өткен жылы 34 шағынауданда жерасты паркингі бар көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Бәйтерек» АҚ желілері бойынша да Ақтау қаласының 17 шағынауданында 540 пәтерлі үйдің («Айрақты» тұрғын-үй кешені) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін Маңғыстау облысына 510,0 млн. теңге мөлшерінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаржы бөлінді, - деді МО құрылыс басқармасының басшысы Айдос Хамиев.
Басқосуда құрылыстардың бас жоспарға сәйкестігі, дұрыс салынуы талқыланды. Құрылыс сапасына көңіл бөлетін уақыт келді дейді мамандар. Олар жоспарға сай салынбаған құрылыстардың алдын алу, болдырмау қажеттігін айтты.
- Маңғыстау – республика бойынша бас жоспармен толық қамтылған бірден-бір облыс. Ендігі мақсат – осы жоспарды бұзбай пайдалану. Сәулет, құрылыс саласындағы заңнама бойынша бас жоспарсыз ешқандай құрылыс жүргізілмеуі тиіс. Бас жоспардың мақсаты – тұрғылықты халықтың өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасау, - деген Найзабек Жайлау қалалар мен аудандардағы құрылыс ережелері сақталмаған нысандарды атап, суреттерімен көрсетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұрғындар пайдалануға берілгеніне бір жыл болған үйлердің сапасына сын айтты
Жаңаөзен қаласындағы құрылысы дұрыс үйлестірілмеген аялдамалар мен оның жанындағы дүкендер де бұл тізімнен табылды. Нәтижесінде Серік Аманғалиев қала әкімінің орынбасарына аялдамаларды үлкейту және жанындағы нысандармен сәйкестігі сақталуын тапсырды.
Осы секілді құрылыс саласындағы олқылықтарды болдырмау мақсатында архитектура басқармасы жанынан арнайы мекеме құрылмақ. Себебі:
- Құжаттама жасағанда қыруар қате шығып жатыр. Ештеңеге жарамайтын жобалар жүр. Қыруар қаржыға жасалып жатқан ауқымды жобалардың кемшіліктері өте көп. Сондықтан алдағы уақытта барлық құжаттама бір орталықтан жасалатын болады. Қала да, аудан да өтініштерін архитектура басқармасына береді. Барлық мемлекеттік органдар жобалық-сметалық құжаттама дайындағанда осы басқарма арқылы өтетін болады, - деді Серік Аманғалиев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47749,47750,47751,47752"]