©
Былтыр Маңғыстау облысы өңірлер арасында үш бағыт бойынша төмен нәтиже көрсеткен. Бүгінгі ӨКҚ-де өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызы осылай деді.
- Былтыр үш бағыт бойынша көрсеткішіміз төмен болды. Олар: өнеркәсіп, инвестиция тарту, құрылыс секторы бойынша. Жыл бойы біз бұларды қалыпты динамикаға шығарып, тұрақтандыруға жұмыстанамыз. Сондай-ақ 2017 жылды балабақшамен қамту жөнінен 93 пайызбен аяқтадық. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспары бар. Үш ауысымдық оқу жүйесінің алдын алу үшін 9 жаңа мектепті тапсырмақпыз, - деді ол.
Сондай-ақ биыл өңірді орталықтандырылған сумен толық қамту көзделген.
- Қазір облыс бойынша 63 елді мекен бар. 2017 жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету ауылдарда 64%, қалаларда - 100% болды. Бүгінгі таңда су бар, келіп тұр. Қалған 36 % елді мекендер суды тасып ішіп отыр. Ендігі мақсатымыз – 2020-2025 жылдар аралығында әр ауылға, әр үйге суды жеткізу, - деді Шолпан Илмуханбетова.