ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған басқосу өтті.
«Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі – Жолдаудың басым бағыты» тақырыбын қамтыған жиналысты орталық директорының міндетін атқарушы Алмабек Бисен ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасы Жолдауының тоғызыншы бағытына тоқталып, басқосудың қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылғанын атап айтты.
- Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауының «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» деп аталған тоғызыншы бағытында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретінін айтты, - деді Алмабек Қонарбайұлы. - «Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл айтылғандардың біздің әрқайсымызға тікелей қатысы бар.
Сондай-ақ А.Бисен орталық қызметкерлерінің адал жұмыстарын абыроймен жалғастырып, әлдекімдердің арбауына түсіп қалудан сақ болу керектігін тапсырды.
Мамандар Жолдауда көрсетілген нақты бағыттарды қолдайтындарын білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА