©
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу 2020 жылдың еншісіне қалдырылды. Осыған орай жүйедегі өзгерістерді түсіндіру мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалы ақпан айында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізбек. Айлық барысында медициналық қызмет көрсету көлемі түсіндіріліп, облыс аумағында кездесулер мен семинарлар өткізіледі. Филиалдың мамандары нақты ақпарат ұсынып, сұрақтарға жауап береді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Өзгеріске сәйкес, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, медиаторлар, азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша табысқа ие тұлғалардың жарналарын төлеу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды.
Азаматтық-құқықтық келісім-шарттар бойынша кіріс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғаларға арналған жарналар мөлшерлемесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 1%, ал 2021 жылы - жарналарды есептеу объектісінің 2% құрайды.
Сондай-ақ, алдағы уақытта егер емханада пациентке қызмет көрсететін маман болмаса, қызмет көрсетудің кейбір түрлері қарастырылмаса, дәрігер тарапынан басқа медициналық ұйымға жолдама ала алады. Бұл жеке медициналық ұйымдар мен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарының арасындағы келісімшарт бойынша жүзеге асырылады.
- Егер науқас қосымша тексеруден, атап айтқанда, компьютерлік және магнитті резонанстық томографиядан өтетін болса, дәрігерлер жеке медициналық ұйымдарға нұсқай алады. Филиал жеке клиникалармен келісім-шарт жасасқан. Олар тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Науқас қажет болған жағдайда жеке кабинетке немесе клиникаға баруға құқылы. Дәрігер науқастың пікірін ескеруі керек. Біз медициналық ұйымдар мен оларда жұмыс істейтін мамандар, сондай-ақ клиникалар ұсынатын диагностикалық қызметтер тізбесін дайындаймыз», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Руслан Бектубаев.
Медициналық қызмет көрсететін субъектілердің тізіліміне енгізілген медициналық ұйымдардың арасында рейтинг жасалады, оның көмегімен кез-келген жеке немесе заңды тұлға емдеу клиникасын таңдай алады.
Руслан Бектубаевтың сөзіне сүйенсек, қазір Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың түпкілікті нұсқасы бойынша жұмыс істеп жатыр. 2020 жылға қарай ол әзірленіп, бекітіледі.
-2017 жылдың қыркүйегінде 45 денсаулық субъектісі консультативтік-диагностикалық қызметтерді бірлесе орындау туралы өтініш білдірді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында 36 денсаулық сақтау субъектісі (оның 16-ы жеке меншік) қызмет көрсетулер тізімін ұсынды, бұл 2017 жылға қарағанда 60%-ға артық. Облыс бойынша 16 жеке медициналық клиника консультативтік (кардиолог, невропатолог, оториноларинголог, окулист және т.б.), зертханалық (клиникалық, биохимиялық) және диагностикалық қызметтер көрсетеді. Олардың 13-і Ақтау қаласында орналасса, қалған үшеуі Мұнайлы, Түпқараған аудандары мен Жаңаөзен қаласында, – дейді медицина сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Ғайни Тұрсынова.
Айта кетейік, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы 2017 жылғы 17 шілдеде өз жұмысын бастаған. Қазір онда 11 маман қызмет етеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
Тағы оқыңыз: Автокөлік өртенбес үшін