Маңғыстаулық балуан Бауыржан Сағынғалиұлы Ашхабадта самбодан өткен Азия чемпионатында топ жарып, түбекке алтын медальмен оралды. Сондай-ақ, аталмыш халықаралық жарыстан Айболат Мұратұлы (100 келі салмақта) және Нұркен Домбаев (57 келі салмақта) қола медальдарды иеленіп, жерлестеріне жеңіс сыйлады.
-Түркіменстанның Ашхабад қаласында өткен Азия чемпионатына 17 мемлекеттен 300 балуан қатысып, бақтарын сынады. Дүбірлі дода самбодан және әскери самбодан өтті. Бұл жолы жарыста облыстың намысын 3 балуанымыз қорғап, үшеуі де үмітімізді ақтады. Жалпы жарысқа елімізден 44 балуан қатысып, оның 42-сі елге жүлделі орындармен оралды,-дейді белгілі бапкер Сергей Волобуев.
Халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғаған «Жастар» спорт мектебінің балуаны Бауыржан Сағынғалиұлының спортты жанына серік еткеніне биыл-10 жыл. Жүректі балуанымыз бұған дейін жасөспірімдер арасында екі дүркін Азия чемпионы атанған. Одан бөлек, Ригада өткен Әлем чемпионатында қола медальді иеленіп, бапкерлер үмітін ақтаған.
- Әр жарыстан елге жүлделі орынмен оралу үшін барымды салып күресемін. Бұл жолы Азия чемпионатында 62 салмақта күресіп, елге алтын медальмен оралдым. Боз кілемге бірінші түркімендік балуанмен шықтым, есеп 8:2, одан кейін қырғыздық балуанды 10:0 есебімен ұттым. Ақтық сында өзбекстандық балуанның жауырынын жер иіскетіп, Азия чемпионы атандым. Мені жарысқа дайындаған бапкерлеріме алғыс айтамын. Ендігі меже-Әлем чемпионатын, Олимпиада шыңдарын бағындыру,-дейді үш дүркін Азия чемпионы Бауыржан Сағынғалиұлы.
Енді балуандарымыз қазан айында Румынияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, бақтарын сынайтын болады.
Венера МИРЛАН