Жаңаөзенде бұрын-соңды болмаған өндіріс іске қосылды. Жеке кәсіпкер Нұрлан Қияшов мемлекеттің қолдауымен әлемнің 50 елінде 240 зауыттың жасап жатқан жұмысын қолға алып, қаламызда алғаш рет газды бетон цехын ашты. Мемлекеттен 3 млн. теңге грант ұтып алған ол, отандық өнімдердің қатарын көбейтіп, ел игілігіне ұсыну басты мақсатым дейді .
Мемлекет қолға алған ісіме көп көмегін тигізіп, қолдау көрсетіп отыр. Өңірімізде жоқ кәсіпті ашуға 3 млн.теңге көлемінде грант бөлді. Ол ақшаға Ресей мемлекетінің Челябинск қаласынан газобетон жасап шығаратын қондырғы сатып алып келдім. Өткен айда қондыру жұмыстарын бітіріп, маусымның басынан ісімді бастап отырмын. Цехта қазірше үш жаңаөзендік қызмет жасауда, болашақта цех жұмысын кеңейтіп, жұмысшылар санын көбейтуге ниетім бар.
Ресейлік құрылғының күш-қуаты зор, сапасы жоғары. Цемент, құм, су, басқа да химиялық қоспаларды араластыра отыра, жасанды тасты сақа тастай етіп шығарады. Қоспаларды араластырғыш негізгі құрылғымен қоса су ысытқыш, өлшеуіштер және 7 қалып жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, цех күніне 12 текше метр газды бетон шығаруға қауқары бар. Өнімге қажетті қоспалардың барлығы өз еліміздікі.
Бәрі автоматтандырылған, адамның қызметі қондырғыны қосып-сөндіру ғана. Ешқандай қиындығы жоқ, - дейді цех жұмысшысы Шолпан Әбдіқұлов.
Дәл қазіргі уақытта өндіріс орталығы жасанды тасты екі түрлі пішінде шығаруда. 10 кг салмақтағы жіңішке және 27 кг жуан тастар. Бұлар жеңілдігімен, әрлеуге қолайлы тегістігімен, жылу сақтағыштығымен, сондай-ақ аққұмырсқалардың (термит) жоламайтындығымен тиімді көрінеді. Сондай-ақ, бұрын үй, не ғимарат салуға қажетті тасты алыстан арбалап жүрген қала тұрғындары үшін пайдасы зор болмақ.
Ақбаян ЖАЗЫҚБАЙ