Елімізде білім беру сапасын арттыру мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің енгізілгеніне де биыл он үшінші жыл. Осы уақыт ішінде білім беру жүйесіндегі бұл реформаның жетістіктері мен кемшіліктері жайында қоғамда талай пікірлер айтылды. Шыны керек, бүгінде ҰБТ мектеп бітіруші түлектің оқуға түсер алдындағы сынағы ғана емес, мұғалім, мектеп директоры, тіпті түгелдей бір аймақтың білім саласы жұмысының негізгі көрсеткішіне айналды. Биыл Ұлттық Бірыңғай Тестілеу жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Мектеп түлектері ҰБТ-ны екінші мәрте тапсыруға мүмкіндік алады. Яғни ең төменгі балл жинаған оқушылар кезекті мәрте бағын сынап, ақылы бөлімге түсуі мүмкін. Бұл балалар құқықтарын қорғау туралы заң жобасына енгізілген өзгеріс. ҚР Білім және ғылым министрлігінің айтуынша аталмыш өзгерістерді қабылдауға түрткі болған жайт - елімізде ҰБТ тапсырмайтын түлектер қатарының артуы. 2015 жылы олардың саны 46 мыңды еңсерген. Ал ең төменгі деңгейге 1-2 балл жетпей қалғандар Ресей, Қытай елдерінің оқу орындарын таңдайды. Осылайша өзге елдің білім беру жүйесіне қаржы салуда. Заң жобасына енгізілген өзгеріс қалыптасқан мәселені шешуге сеп болмақ. Жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл Жаңаөзен қаласында Ұлттық Бірыңғай Тестілеу маусым айының 3-5 аралығында № 19 орта мектепте өткізілді. Мектеп бітіруші түлектерге қала әкімі Е.Әбілов сәт-сапар тіледі. Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің мәліметтері бойынша 2016 жылғы ҰБТ қорытындысы төмендегідей: Ағымдағы жылы қала бойынша 952 түлек мектеп бітірсе, сынаққа олардың 737-сі қатысты. Мектептер арасында ең жоғарғы деңгей, яғни 100 пайыздық көрсеткішті мектеп-гимназиясы көрсетті. Ортақ ұпай саны - 106 балл. Қала бойынша ең жоғары 124 балл жинаған да аталмыш мектептің түлегі Маржан Мыңжасова болды. 6 оқушысы «Алтын белгі», 2-еуі «Үздік аттестат» иегері атанды. Қалалық мектеп-лицей - ортақ ұпай - 95,9, № 18 орта мектеп - 82,6 және № 19 орта мектеп - 78,6 және №2 орта мектеп 75,9 балл деңгейінде білім сапасын көрсетті. Тест нәтижесі бойынша ұпай деңгейі төмен мектептер қатарынан №4 орта мектеп - 51,3, №1 орта мектеп – 64,6 және №10 орта мектеп - 60 балл көрінді. Межелі деңгейді бағындыра алмаған түлектер саны - 117. Жалпы биыл Жаңаөзен қаласы бойынша «Алтын белгіге» үміткер - 20 түлек болса, олардың 12-сі қойылған мақсатқа жете білді. Сонымен қатар «Үздік аттестат» иегерлерінің саны - 10. Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша өткен жылы қаламыздың білім көрсеткіші орта ұпай - 71,5 болса, биыл 73,78 баллды құрады.
Айжан НАСЫРОВА