©
Әдетте көк теңізде жүзіп жүретін аққулар кешелі бері жағада жатыр. Көк мұзға бауырын төсеген аққуларға алаңдаған Маңғыстау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдерімен бірге біздің ұжым да аққулардың жағдайын білмекке жағалауға барып келді. Ақтау қаласы, 1 шағын ауданда 7 аққу жағадағы мұзда жатыр екен. Олардың бесеуі – аққудың көгілдірлері.
Жағаға шығып қалуына күннің суығы мен азықтана алмауы себеп болуы мүмкін дейді мамандар. Себебі денелерінде ешқандай жарақат іздері байқалмады.
- Кеше осындай жағдай болып, бір аққуды Қаракөл көліне апардық. Онда қазіргі таңда 500-ге жуық аққу бар. Көріп тұрғандарыңыздай, бұлар – аққудың былтырғы балапандары. Қорек болмаған соң мұздың үстіне шығып қалып отыр. Аққудың негізгі азығы тайыз жерде болады. Ұсақ балықтармен, шабақтармен, шөптің тамырлары, шаяндармен қоректенеді. Себебі олар теңіздің тайыз жерінде болады. Егер тереңге кетсе, аққулар азығын ала алмайды, - дейді МО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатов.
https://youtu.be/Tl5RQK9ncEsМұз үстіндегі аққулардың бұл жағдайына алаңдаған аумақтық инспекция мамандары оларды өз бақылауларына алды. Жағдайлары нашарлап, ашық теңізге шығып кетпесе, Қаракөл көліне апару шараларын қарастыратынын да жеткізді. Дегенмен тамақтанып, әл жинаған құстар көп ұзамай айдынға қайта оралды.
Айта кетейік, соңғы екі жылда ешқандай аққу өлімі тіркелмеген. 2016 жылы табиғи жағдайларға байланысты (әлсіздіктен, ауру салдарынан) екі аққудың өлімі тіркелген.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47502,47503,47504,47505,47506,47507,47508,47509"]