Бұдан бұлай қысқа шалбар киіп, қаба сақал қойғандарға айыппұл салынбақ. Тіпті, сақалдың ұзындығын сантиметрмен өлшеуі де мүмкін. Бұл - діни бірлестіктер туралы заң жобасына енгізілгелі отырған өзгертулердің бірі ғана. Сондай-ақ, 16 жасқа толмаған балалардың жалғыз өзі мешіттер мен шіркеулерге баруын шектеу көзделген.
Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді деп хабарлайды informburo.31.kz.
Діни ұйымдар туралы заңға барлығы 53 өзгерту енгізілмек. Солардың ішінде жас ерекшеліктеріне қарай шектеу қоюды айрықша атап өтуге болады.
– 16 жасқа толмаған балалар діни ғибадатханаларға, мешіт болсын, шіркеу болсын немесе басқа да діни жоралғыларға қатысуға, діни жиындарға қатысуға тек өздерінің кәмелет жасқа толған туыстарымен бірге немесе олардың ата-аналарымен бірге бара алады, - деді Нұрлан Ермекбаев.
Бұдан өзге заңға деструктивті діни ағымдағы азаматтарды анықтау туралы бап та енгізілмек. Соған сәйкес теріс ағымдағы адамдарға айыппұл салу қарастырылған. Ал оларды қалай анықтайтындығы бұл заңда емес, оны түсіндіретін нормативтік құжатта көрсетіледі.
Бұл - заң қабылдана салысымен полицейлер сақал қойғандар мен орамал таққандарды ұстайды деген сөз емес. Министрдің айтуынша, сарапшылар сырт келбеті күдікті көрінген адамдардың діни көзқарастарын анықтайды екен. Яғни, рұқсат етілмеген орындарда уағыз айтқандар да осы бап бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
Жаңа өзгеріс бойынша, шетелде діни білім алуға да шектеу қойылмақ. Қазақстандағы діни жоғары оқу орнын аяқтамағандарға басқа жерде білім алуына рұқсат жоқ. Бұл өзгертулер депутаттардың қарауына енді түскенін еске сала кеткен жөн болар. Демек, біразы мақұлдануы немесе мүлдем қабылданбауы әбден мүмкін.