Өткен жылы облыста 26 балабақша іске қосылса, биыл олардың қатары тағы 28 балабақшамен толықтырылады деп жоспарланып отыр. Аймақтағы жалпы 262 бөбекжайдың 40 пайызы жекеменшік, ал қалғаны мемлекет иелігінде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз жиынында МО Білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова мәлімдеді.
Сонымен қатар облыста жалпы орта білім беретін 146 мектеп бар. Оның 95-і сымсыз интернет желісіне (Wi-Fi) қосылған. Ал 134 мектеп 5 күндік оқу аптасына көшкен. 2018 жылы өңір экономикасының дамуына қажетті мамандарды дайындау үшін облыс әкімінің 250 білім гранты бөлінген.
Сондай-ақ осы қаңтар айынан бастап облыстағы 27 мектеп қағаз журналды "mektep.edu.kz" электронды журналына алмастырған.
600-ден астам мұғалім ағылшын тілі курстарына қатысып, қазір 300 ауыл мұғалімі шет тілін меңгеріп жатыр.
Жиында үш ауысымдық мектептерді жою үшін Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған аудандарында келесі оқу жылынан бастап 9 мектеп пайдалануға берілетіндігі айтылды.