©
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауын талқылауға және одан туындаған міндеттер мен тапсырмаларды таныстыруға, түсіндіруге арналған жиын өтті. Облыстық актив мәжілісіне облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары, ардагерлер, жастар, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
- Бірнеше күн бұрын Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жария етті. Бұл құжатта төртінші революциялық әлемге қадам басумызға қажетті стратегиялық бағыттар сараланып, ел дамуының жаңа кезеңі көрініс тапқан. Өткен жылдың қорытындысында облысымыз әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіші бойынша оң динамика көрсетті. Мұнай мен газ өндіруші және сервистиік компаниялар өнеркәсіптік өндіріс көлемін 96,9 пайыздан 100,1 пайызға арттырды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 82,2-ден 101 пайызға өсті. Құрылыс жұмыстары 98,8-ден 101,1 пайызға артса, ауыл шаруашылығы 108,2 пайызды құрады. Тұтыну бағасы мен тарифінің индексі жоспарланған 106,7 пайызда сақталды. Өткен жылы өңірімізде 27 мың жұмыс орыны құрылып, жұмыссыздар саны 5-тен 4,9 пайызға қысқарды. Макрокөрсеткіштегі өсімдер аймақ экономикасының дамуын 101 пайызға арттырды, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Президентіміз Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған негізгі бағыттар және одан туындайтын міндеттер жөнінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов хабардар етті.
– Елбасы Жолдауда «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет» деген болатын. Бұл сөздер - экономикасы мұнайға тәуелді өлкеміз үшін өте өзекті. Сондықтан біз өңдеуші секторды дамытуымыз қажет. Соңғы жылдары өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 8 пайызға жетті. Индустрияландыру картасы аясында биыл өңірде 78 млрд.теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылады. Бұл жобаларды мерзімінде іске асырып, Кәсіпкерлікті қолдау картасын жаңа жобалармен толықтыру керек. Басымдық «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларға берілуі тиіс. Ұлт көшбасшысы айтқандай индустрияландыру инновациялануы керек. Демек, алда аймақтағы өнеркәсіп орындарында цифрландырылған жаңа технологияларды қолданысқа енгізу міндеті тұр. Барлық кәсіпорындардың басшыларын бұл істі бірге іске асыруға шақырамын, – деді аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы.
Облыс әкімі өз сөзінде Жолдауда көрсетілген ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту міндетіне тоқталды. Бұл міндеттің үдесінен көріну үшін Шетпе, Батыр, Ақшұқыр ауылдарында күннен, желден қуат алатын станса, Баяндыда полигон салынатынын хабарлады. Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлер бар екенін айтып, қала мен аудан әкімдеріне оларды бұл жұмысқа тартуды тапсырды.
Аймақ басшысы елдік құжатта айтылған ақылды технологиялар арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға ден қойды. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу жобаларын дамытып, тамшылата суару технологиясын қолданатын жылыжайлар желісін кеңейтуді ұсынды. Оның айтуынша, осы жылы облыс орталығында 3 көкөніс сақтау қоймасы, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарында жылыжай пайдалануға беріледі. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды жалғастыруды және шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
– Елбасы Жолдауында айтылған көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бойынша Ақтау және Құрық портында, теміржол тасымалында жаңа сандық технологияларды қолданысқа енгізу керек. Мемлекет басшысы ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автокөлік жолдарын жөндеу мен қайта салу көлемін көбейтіп, бұл іске қазына қаржысын бөлу көлемін 150 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Қала мен аудан әкімдеріне, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ауылішілік және ауыларалық жолдарға жобалық-сметалық құжаттаманы уақытында жасақтауды жүктеймін, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жолдауда бесінші міндет ретінде көрсетілген құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологиярларды енгізу міндеті бойынша сөз сөйлеген облыс әкімі бүгінде өңірде баспанамен қамту үлесін арттыру міндеті алдыңғы кезекте тұрғанын айтып өтті. Тұрғын үй салуда құрылыста жаңа инновациялық әдістерді пайдалану керектігін жеткізді. Оның айтуынша, түбекте 2017 жылы 833 текше метр үй қолданысқа берілген.
– Ауыл халқын орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамту 64 пайызды құрайды. Үкімет бұл бағыттағы жұмысқа жыл сайын 100 млрд.теңге бөлуді жоспарлап отыр. Энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы, қала мен аудан әкімдері жобалық-сметалық құжаттарды дер кезінде дайындап, министрлікте жобаны қорғауы керек. Сондай-ақ тұрғын үй- коммуналдық саланы жаңғыртуға мемлекеттік- жекеменшік әріптестік тетігін қолдану қажет. Қаржы секторын «қайта жаңғыртуға» тоқталсақ, инвесторларға қажетті, жан-жақты көмек көрсетуіміз керек, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Адами капиталды дамытуда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсетінін айтып, бұл бағытта халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажеттігін назарға берді. Білім саласында жаңа реформалар жүзеге асатынын жеткізіп, өткен жылдағыдай биыл да еңбек нарығында сұранысқа ие 50 мамандыққа грант бөлінетінін хабарлады. Денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу жалғасатынын айтып, медициналық мекемелер ақпараттық жүйемен 100 пайыз қамтылуы қажеттігін қаперге салды. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы баяндама соңында тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін міндеттерін іске асыруда туындайтын тапсырмаларды атап өтті.
Жиынға қатысушылар Жолдауға қатысты ой- пікірлерін білдіріп, қолдайтындықтарын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа арнаған Жолдауын ықыласпен тыңдадық. Еліміздың болашағының дамуының нақты қадамдарын айқындап, жаңа әлемге, төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне бейімделу мен жетістікке жетуге бастайтын 10 міндетті белгіледі. Елбасы 2016–2017 жылдары зейнетақыны 3 рет өсірді. Бұл зейнеткерлерге деген қамқорлық деп білемін. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрынғы Мемлекет басшысының Жолдауында Үкіметке зейнетақыны, жалақыны, өтемақыны толықтай төлеу туралы тапсырма берілді. Шүкір, біз қазір зейнетақыны қашан береді деп емес, қашан өседі деп күтіп отырамыз. Зейнетақы биыл 1 шілдеден бастап тағы да өсетінін естіп, қуанып жатырмыз. Елбасы биылғы Жолдауында: «Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады» деген еді. Біз өз мемлекетіміздің дамуына, көркеюіне бірлесе қызмет етуіміз керек. Бұл құжатты сараптап, халық арасында насихаттап, түсіндіру қажет, – деді Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Есен Күмісқали.
Жиында «Агророст» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрсәуле Жайынбаева аймақта тұңғыш рет шаруаларға жердің топырақ жамылғысын сақтап және оны жақсарта отырып, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолданумен сапалы және өсімдік өнімдерін өсіру үшін кеңес беру қызметтерін ұсынатын, сондай-ақ осы саладағы ғалымдардың қатысуымен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға көмектесетін оқу-тәжірибелік орталық ашылатынын мәлімдеді. Жастар атынан сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Абылай Фазылбек ел дамуына даңғыл жол ашатын құжат жастарды білімді, білікті, жан-жақты болуға жетелейтінін, болашаққа сеніммен қадам басуға жігерлендіретінін жеткізіп, жастарды Елбасы жүктеген міндеттерді бірлесе атқаруға шақырды.
Жиынды түйіндеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов айтылған міндеттер мен тапсырмаларды барлық әкімдер мен мемлекеттік мекемелердің басшылары тізе қосып жұмыстанып, жүзеге асыратынына сенімділік білдірді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46265,46264,46266,46262,46263,46261"]