©
Сонымен қатар, қала əкімі шаһардың бас жоспары мен 31, 31 а, 31 б, 32 а, 32 б, 32 в жəне 35 шағынаудандардың нақты құрылысында өзгешеліктер бар екенін айтып өтті. Сондықтан қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізуді ұсынды. Ұсынысты шаһар басшысы Маңғыстау облысы əкімі Ералы Тоғжанов бастаған облыс жəне қала активтерінің алдында «Ақтау серпін» жобасын таныстыру барысында айтты.
"Бұрынғы бас жоспарға сәйкес бұл жерлерде балабақша, мектеп салынуы керек болған. Бірақ қазіргі таңда тұрғын үйлер салынып қойғанына байланысты бас жоспарға түзету енгізбекпіз. Бұл өзгеріс қаланың құрылысын бас жоспарға сəйкестендіруге мүмкіндік береді", - деді Ғалымжан Ниязов.
Осылайша аталған шағынаудандарда үйлер салынғанымен, құжат бойынша 189 га жер қарастырылғанымен, іс жүзінде мектеп, балабақшаға орын қалдырылмай кеткен.
Осының салдарынан 28 шағынаудандағы №20 мектепте жаңа шағынауданның 167, 28 а шағынаудандағы №23 мектепте 659, 29 шағынаудандағы №28 мектепте 1628 баласы оқып жүр. Бұл мектептерде бала саны жобаланған мөлшерден екі еседей артық.
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың айтуынша, қазір Ақтауға үш мектеп қажет.
"Осыған жауап беретін адам бар ма? Үйге рұқсат бересіздер, ол үйде тұратын адамдардың балаларына балабақша мен мектеп керек емес пе?" - деді облыс басшысы.
https://www.youtube.com/watch?v=B6agBiLELQkҚала əкімі Ғ. Ниязовтың айтуынша, қазіргі таңда "Шығыс-2", "Шығыс-3", 31, 31 а, 31 б, 16, 17, 35 шағынаудандарда мектеп пен балабақша салатын орын жоқ.
"Қазір әрбір шағынауданды қарағанда дүкен, т.б сияқты бизнес нысандарын салу үшін бөлінген 5 гектарға жуық жер телімі шығып тұр", - деді Ғ. Ниязов.
"Онда осы жерлерді заң аясында мемлекеттің пайдасына қайтарып алу жұмыстарын жасаңыздар. Азаматтармен сөйлесіп, осы жер телімдерін мектеп, балабақша салу үшін қайтару жұмыстарымен айналысыңыз", - деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, облыс әкімі жаңа мектептепрдің жобасын салуға уақыт жұмсамай, дайын жобаларды алып, кіріктіруге болатынын ескертті.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Басты сурет сайттың архивінен алынды