©
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұржан Әлтаев өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жылыжайда өсірілген көкөністердің бағасы неліктен қымбат болатынын түсіндірді.
"Біріншіден, кейбір мамандар ойлағандай, министрліктің міндеті - сауда саласындағы бағаны реттеу емес, ауыл шаруашылығын дамыту.
Экзотикалық елдермен салыстырғанда өсіруге жұмсалатын шығын әлдеқайда жоғары. Ол жақта қыстың болмауының өзі өнімнің өзіндік құнына үлкен әсер етеді. Маусым аралығында көкөністің жылыжайда өсірілуі шығынды арттыра түседі. Қыс мезгілінде өсімдіктің қымбат болуы, өкінішке орай, қалыптасқан жағдай. Бұған біздің оңтүстік аймақтардағы жылыжайда өсірілген өнім жөнелтілетін көршілес Ресейде бағаның жоғары болуы да әсерін тигізеді", - делінген жазбада.
Бұдан әрі вице-министр қыс мезгілінде көкөніспен қамтамасыз ету шараларына тоқталды.
"Біз не істеп жатырмыз? Бірінші кезекте жаңа жылыжай шаруашылықтарын құруға қолдау көрсетілуде - субсидия, жеңілдікпен берілген несие және т.б. Дегенмен бұл өнімнің басым бөлігі көршілес елдің нарығына кетеді: мәселен картопты алайық, баға жоғары болғандықтан 100 мың тонна картоп көршілес Өзбекстанға жөнелтілген. Кәсіпкерлерге сонда сату тиімдірек болды", - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар вице-министр көкөніс пен жеміс-жидектің 30-50%-ы тасымалдау, сақтау және сату кезінде бұзылатынына тоқталды:
"Мұның себебі - заманға сай қойма кешендерінің аздығы, жалпы алғанда - әзірге жеміс-көкөністі дистрибуциялайтын дамыған инфрақұрылым жоқ. Қазір Министрлік әрбір облыс орталығында ЖТО - жаппай тарату орталықтары желісін, аудандарда дайындау орталықтарын құру жобасын қолға алды. Бұл бағанаың төмендеуіне әсер етіп, көкөніспен қамтамасыз ету жақсара түседі".
Өз жазбасының соңында вице-министр қыс мезгілінде көкөніс бағасының неден құралатыны туралы шағын материал дайындайтығын айтты. Вице-министр мақаласында өндіріске, тасымалдауға кететін шығынның, делдалдардың үлесінің бағаға қалай әсер ететіні, тасымалдау мен сату кезінде өнімнің қанша көлемі бұзылатыны туралы жазбақ.
"Мен көкөніс мәселесімен айналыспаймын, экспорт пен қайта өңдеу саласына жауаптымын. Дегенмен, осы міндетті мойныма алып, осындай талдау жасауға әзірмін", - деді Нұржан Әлтаев.
Сурет Ауыл шаруашылығы вице-министрінің
парақшасынан алынды