«МаңғыстауМұнайГаз» АҚ қоғамында 11-16 желтоқсан аралығы Тәуелсіздік аптасы болып жарияланған. Аптаның алғашқы шарасы - «Қартқа - құрмет, жасқа – міндет!» акциясына орай компания жанынан ашылған Жас мамандар кеңесінің мүшелері ардагер мұнайшыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, шаңырақтарына арнайы бас сұқты.
Атап айтар болсақ, атақты мұнайшы Қамқа Үмбеталиқызы, Екатерина Семакина, Изем Өтегенұлы, Шамионова Гүлжаһан, Тайсия Богородская, Амангелді Жексембаев, Лидия Мудрецова сынды мұнай саласының ардагерлеріне мереке қарсаңында сый-құрмет көрсетілді. Мекеме ұжымы оларға тұрмысқа қажетті заттар, азық-түлік, тәттілер апарып, зейнеткерлердің көңілдерін көтеріп тастады.
- «Қартқа құрмет – жасқа міндет!» акциясы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жанында құрылған Жас мамандар кеңесінің жылдық жоспарына енгізілген, жыл сайын өткізілетін шара. Бір жылдың ішінде әр тоқсан сайын өткізіп отырамыз. Тарихты ұмытпай, ардагерлеріміздің еңбегін бағалағанымызды білдіріп, көңілін аулауға тырысамыз. Біз үшін қарапайым нәрсе болып көрінген дүние, олар үшін үлкен қуаныш болуы мүмкін. Мәселен, біздің сыйлықтарымыз қарттарымыздың жанын қалай жадыратып, жүздеріне күлкі ұялатты? Ол кісілерге көңіл бөліп, жылы сөздер айтып отырудың өзі үлкен қолдау деп ойлаймыз, - дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің мүшесі Нұғыманова Анар.
Бүгінгі таңда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да 18 бен 33 жас аралығындағы 1200-ден астам жас маман қызмет етеді. Оның ішінде 100-ден астамы белсенді жастар. Кеңес мүшелері олардың қатары әлі де артатынына сенімді.
Жастар бұлай құттықтап, шаңырағына арнайы келеді деп күтпесе керек, қарттарымыздың көбі көңілі босап, көз жасына ерік берді.
- Үйге кіріп келгенде шыдай алмай, көңілім босап кетіп жатыр. Менің бұрын сонда қызмет атқарғанымды елеп, құттықтап жатқандарыңа рақмет! Жастарға бақытты өмір тілеймін, дендеріңе саулық берсін, жұмыста сыйлы болып, отбасыларыңмен бақытты ғұмыр кешіңдер. Мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңдер, қарақтарым. «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінің басшыларына үлкен рақмет! – деді Зинуллина Шолпан.
Мекеме ұжымы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндіріс орындарында қызмет атқарған, бүгінде Қарттар үйін мекен еткен әлеуметтік көмек алушыларды да естен шығармады.
- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмыс істеп, зейнетке шыққан жұмысшы қызметкерлерді біз есепке аламыз. Қазір 1300-ден астам зейнеткер бар. Оларға біз ай сайын екі есептік көрсеткіштің есебімен зейнетақыларына қосымша материалдық көмек беріп тұрамыз. Әрбір мереке сайын оларды ұмыт қалдырмай құттықтап, сый-сияпатымызды көрсетіп отырамыз. Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызмет атқарып, зейнетке шыққан қарттардың үшеуі Қарттар үйінде тұрып жатыр. Бүгін, міне, ол кісілерді де құттықтап келіп отырмыз, - дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім бастығы Қымбат Иманқұлова.
Әлеуметтік көмек алушылар бейнетінің зейнетін көрер шағын Қарттар үйінде өткізіп жатқанмен оларды мереке сайын сыйын арқалап, жиі-жиі келіп ыстық ықыласқа бөлейтін әріптестері мен ізбасарларының қамқорлығына шүкіршілік етеді.
- Бүгін мені ұмыт қалдырмай, өз ұжымым құттықтап келіп жатыр. Оларға шын жүректен алғысымды айтамын. 27 жасымда Маңғышлаққа көшіп келдім. Мұнай институтын тәмамдадым. Мұнай саласында мен көбіне өндірістік бөлімде қызмет атқардым. 30 жыл өмірімді осы салаға арнап, 1998 жылы зейнетке шықтым. Менімен қызметтес болған, өмір жолымда кездескен жандардың бәріне рақмет. Мен де осы қызметкерлерді, жастарды, ұжымды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Осындай сый-құрметке қарап, біздің текке өмір сүрмегенімізді, босқа тер төкпегенімізді сезінеміз, - дейді Қарттар үйінің әлеуметтік көмек алушысы Тайсия Богородская.
Қарттардың арасында көп ұзамай бір ғасырлық өмірге куә болғалы отырғандар да бар. Бүгін олар жастардың сый-құрметіне бөленсе, жастар олардың тілегі мен ақ батасын алып қайтты.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44753,44752,44751,44750,44749,44748,44747,44746"]