ӨКҚ-де өткен брифиингте Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының осы жылғы көрсеткіштеріне тоқталды.
Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 409 млрд 249 млн теңгеге жеткен. Қазіргі таңда 1834 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 196 кәсіпкерге көбейген. Оның ішінде 151-і заңды тұлғалар болса, 1683 - жеке тұлғалар.
Құрылғанына 25 жыл толған ауданда биыл шағын кәсіпкерлік бойынша 5470 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлерді қолдау бағытында 69,6 млн теңге көлемінде 14 адамға несие берілді.
Биылғы жылы барлық экономикалық қызмет түрлерінің жұмысшыларының орташа жалақысы 181 306 теңгені құрады.
Аудан бойынша тіркелген 157 шаруа қожалықтың 23-і егінмен, 119-ы мал шаруашылығымен айналысады. Қалған 15 шаруа қожалығы екеуін қатар қолға алған.
- Биыл 3 мамырда Сайын Шапағатов ауылында жобалық құны 1 млрд 145 мың теңгені құрайтын 75 шақырымдық су жүйесі, Ақшұқыр ауылында 1 млрд 225 мың теңгелік 63 шақырым су жүйелері пайдалануға берілді. Сайын Шапағатов ауылындағы 5, 6 орамдағы үйлерге электр желілері, сонымен қатар осы ауылдың 5 орамдағы 812 учаскеге газ құбыры тартылды. Бұл - ауыспалы нысан. Қазір мердігерлермен және қабылдаушы компаниялармен келіссөз жүргізіп, қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Облыс әкімінің қатысуымен Ақшұқыр аулынан 140 орындық, Таушық ауылынан 100 орындық балабақша мен спорт алаңы және ауданда екі мешіт іске қосылды. Келесі жылға бұл бағытта 13 жобаны жоспарлап отырмыз, - деді Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов.
Ауданда мал мен құстың барлық түрін тірідей салмақта етке өткізу 6,4 %, сауылған сүт - 16,7 %, тауық жұмыртқасы өнімі - 88,5 % өскен.
Мал басы бойынша: ірі қара мал- 2340 бас, 121 %; қой- 37133 бас, 110 %; ешкі- 14630 бас, 128,9 %; жылқы- 10098 бас, 125,3 %; түйе- 6204 бас, 99,3 %; құс - 2428 бас, 172,1 % болған.
Айта кетейік, Түпқараған ауданы 1992 жылы 6 шілдеде құрылған. Орталығы – Форт-Шевченко қаласы. Құрамына Баутин, Ақшұқыр, Сайын Шапағатов, Таушық, Қызылөзен ауылдары кіреді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА