Бұл туралы ҚР СІМ ресми сайтында хабарланды.
Каспий жағалауы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері Мәскеуде бас қосып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын талқылады.
"2017 жылғы 5 желтоқсанда Мәскеуде Әзербайжан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Эльмар Мамедъяров, Иран СІМ басшысы Джавад Зариф, Қазақстан СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов, Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров және Түркіменстан СІМ басшысы Рашид Мередов қатысқан Каспий жағалауы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің мәжілісі табысты аяқталды", - деп мәлімдеді ҚР СІМ.
Тараптар теңіз түбі мен жер қойнауын бөлу, аумақтық және ішкі суларда жүзу режімі, сонымен қатар суасты құбырларды жүргізу туралы мәселелерге тоқталды.
Каспий бір ғана мемлекетке тиесілі емес, 5 мемлекетке де ортақ. Сондықтан теңіздің қауіпсіздігі мен дамуын талқылау - тараптардың барлығына ортақ мәселе.
Атап өтерлігі, конвенцияға келісу жұмыстары 20 жылдан астам жүргізілді. Құжаттың жобасында Каспий теңізіндегі тараптар қызметінің негізін қалайтын қағидаттар, теңіз айдыны мен ұлттық түптік секторларды айыру, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстарды, теңіз түбі мен жер қойнауын, жүзуді, қоршаған ортаны қорғауды, теңіз ғылыми зерттеулерді игеруіне байланысты шаруашылық-экономикалық ынтымақтастықты іске асыру мәселелері белгіленеді.
Келер 2018 жылы Қазақстанда Каспий жағалауы мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді. Осы саммит барысында қол қою үшін Конвенцияның жобасын дайындау бойынша техникалық жұмыстар жүреді.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына мол назар бөледі. Ол алдымызға қойған басымдықтарының бірі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция бойынша келісімге қол жеткізу. Конвенция өзінше «Каспий теңізінің конституциясы» болып, Каспий жағалауы мемлекеттерінің ынтымақтастығына жаңа серпін береді және аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеудің кепілгері болады деп сенемін», – деп атап өтті Қ. Әбдірахманов.
Қазақстанда өтетін саммиттің барысында қол қою үшін 2010 жылғы Каспий теңізінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісіміне хаттамалар жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні броконьерлікке қарсы күрес, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терроризм, ұйымдасқан қылмыстық пен есірткі заттар айналымына қарсы күрес бойынша хаттамалардың жобалары әзірленген.
Каспий аймағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тараптар Каспий теңізінің ортасын қорғау туралы нобайлы конвенцияға хаттама, сонымен қатар Трансшекаралық мәнмәтіндегі қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалау бойынша хаттама жобаларын әзірлеуде.
Каспий жағалауы барлық мемлекеттердің күш-жігерлері Каспий аймағында бейбітшілік, қауіпсіздік, тұрақтылықты және тұрақты экономикалық, экологиялық, мәдени-гуманитарлық даму және ынтмақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.