Сұйытылған газ бағасының күрт артуы өңір тұрғындары арасында толқыныс тудырғаны анық. Өзекті мәселеге орай орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалы алаңында бірқатар мамандар өз пікірлерін білдірді.
«Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап ҚазГӨЗ зауытынан өндірілетін толық сұйытылған газ көлемі өңірдің ішкі нарығына бағытталады. Алынған газ көлемін келесі тізбек бойынша таратамыз. 5 мың тонна «Қазмұнайөнімдері» АҚ-на, 7,5 мың тонна бөлшек саудагерлерге жөнелтіледі. Аудандар мен қалаларға да белгілі бір шектік көлемде бөлінеді. Біз кәсіпорындармен өнім бағасы жөнінде келісімшарт орнатпадық. Өңірде газдың көтерме бағасы 6 теңге деп белгіленді. Кәсіпкерлер 27 теңгеден сатады. Газ бағасының 27 теңгеге тұрақтауы кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Жаңаөзен қаласында газдың литрін 25 теңгеден саудалайтындар да бар. Өңірде орын алған жағдай тұрақты бақылауда. Зерттеу жүргізіп, жан-жақты талқыладық. Сұйытылған газ литрін 50 теңгеден сатылымға шығарған кәсіпкерлер тізімі жасақталды. Ақтау қаласынан 6, Мұнайлы ауданынан 6 автомобильдiк газ құю станциялары тізімге енді. Тізім «ҚазГӨЗ» ЖШС-не бағытталады. Негізсіз әрекет еткендерге тиісті шаралар қолданылады. Сонымен қоса, салық комитеті мен монополиға қарсы комитет тарапынан да зерттеу жүргізіледі»,-дейді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.
Әлеуметтік желілерде газ бағасының 37 теңгеге артқандығы жайлы ақпарат жүр. Венера Мұстапаеваның мәліметіне сүйенсек, қаладағы бір автомобильдiк газ толтыру стансасында ғана осындай баға белгіленген. Өзіндік себептері де бар. Газ толтыру бекетінде ұзын-сонар кезектен арылу үшін қымбат болсада, өзге станса қызметіне жүгінетін тұтынушыларға арналған. Әрі бұл газды «Қазмұнайөнімдер» АҚ өзге өңірлерден тасымалдайды. Сәйкесінше бағасы да қымбаттау.
«ҚазГӨЗ зауыты жыл сайын 13 мың тоннаға жуық газ көлемін өндіреді. Өнім көлемі азайды деген қате пікір. «Қазмұнайөнімдері» АҚ-ның өнімге сұранысы ұлғайды Сондықтан, бөлшек саудагерлер үлесі төмендеді. Қазіргі таңда өзге өңірлерден газ тасымалдау жобасы қарастырылып жатыр»,-дейді В.Мұстапаева.
«Біздің қызметкерлер Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесінде 5 газ толтыру бекетінде газ литрін 50 теңгеден сату фактісі тіркелді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары қатысуымен өткен өңірлік штаб отырысында орын алған жағдай жан-жақты баяндалды. Мемлекеттік органдардың хабарламалары, талдау нәтижелері, БАҚ-да жарияланған ақпарат көздері, бейнедеректер мен жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтініштері арқылы монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық фактілері анықталады. Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабына сәйкес, заңбұзушылық фактілері анықталған жағдайда субьектіге айыппұл салынады. Яғни, шағын және орта кәсіпкерлік субьекті табыс көлемінің 3 пайызы, ал ірі кәсіпкерлік субьекті монополиялық табысының 5 пайызы айыппұл төлемін өтейді. Әрине бұл үлкен шығын. Дәлелді негіз болар деректер анықталған жағдайда, мәліметтер сотқа жолданады. Кәсіпкерлік субьектілер заң жүзінде жазаланады»,-дeп атап өтті Маңғыстау облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Бекмұратов.