©
Бүгін Ақкетікте Түпқараған аудандық Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, оған облыс басшысы Алик Айдарбаев және Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов қатысты. Арнайы келіп қатысқандар қатарында сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссиядағы Маңғыстау облысының өкілі Даржок Сейбағытов, ауданның Құрметті азаматы Сағын Қырымқұлов, ақын Айтуар Өтегенов, облыстық Жер қатынастары басқармасының бастығы Есемұрат Дүзмағанбетов және басқалар болды.
Қоғамдық кеңестің бұл жолғы күн тәртібіне елімізде қызу талқыланып жатқан жер төңірегіндегі мәселелер енген екен. Облыс басшысының қысқаша ғана кіріспе сөзінен кейін мәселе бірден талқыға түсті. Таушық ауылынан келген ақсақал біздің аймақта малды күнкөріс көзі еткендер үшін жер мәселесі – өзекті мәселе болып отырғанын сөз етті. «Су тапшы, жайылымдық жерлер қат, шығандап барып мал жоюға көбіміздің жағдайымыз жоқ. Ал, елді мекенге жақын жердегі жайылымдар әлдеқашан біреулердің меншігіне айналған. Осы арада көп дау-жанжал болып жатады. Сондықтан, елді мекендер айналасынан жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды деп санаймыз» деді ол. Ал, кәсіпкер Аманғали Күзембаев шетелдіктерге жер жалға берілмесін деген пікрілерге қарсы шықты. «Осы ауданда ғана бірнеше шетелдік компания бар. Соларда балаларымыз жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Тіпті, осы өзіміз мәжіліс құрып отырған жаңа мектептің өзі де шетелдік компанияның әлеуметтік міндеттемелерінің аясында салынған. Бұдан біз зиян шекпейміз. Ал, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жөніне келсек, мәселе сату-сатпау туралы емес, осы жерлерді күтіп-баптау, дұрыс пайдалану туралы болуы керек сияқты. Бос жатқан, пайдаланылмай жатқан жерлер көп. Сондықтан, жер қазаққа жетеді, тек ұқсата білейік» деген пікір айтты.
«Бос жатқан жер» деген ұғымның өзіне қарсымын. Бос жатқан жер жоқ, ол жер ертеңгі ұрпағымызға керек. Ол – солардың игілігіне жарайтын болады» деді кәсіпкер Айтбай Шәріпов. Ол сонымен қатар нақты ұсыныстарын да айтты. «Бірінші рет жер берілгенде ол 3 жыл мерзімге ғана берілуі керек. Сол 3 жылда ол жерді пайдалана ала ма жоқ па, белгілі болады. Пайдалана алмай ма, қайтарып алып, қолынан келетін адамға беру керек. Елді мекеннің айналасынан жер берілмесіне дегенді қостаймын. Иелігінде жері жоқ адамдар да, мал жайып, шаруасын құнттау керек емес пе? Ал, жер ешкімге сатылмасын, жалға да берілмесін деу дұрыс емес. Жердің иесі болуы керек».
Жерді пайдалана білу кәсіпкер Бүркітбай Қонақбаевты да қатты толғандырып жүр екен. «Жалпы, біздің Маңғыстау жағдайында жер пайдаланудың өзі өзекті мәселе болып табылады. Сондықтан, осының бір жүйесін жасау керек болар. Жер тұяқкесті болып болды. Қысы-жазы бір жерді шаңдатып келіп мал жаяды. Күні ертең шөп бабамыз деп, астында техникасы барлар қала мен ауылдың іргесінен бастап сонау Қарағанға дейінгі жерді тып-типыл етіп кетеді. Сондықтан, бұл мәселеге мұқият келуіміз керек. Мен елді мекендердің айналасынан белгілі бір шеңбердің ішінен жерді не жалға, не сатуға берілмесін дегенді жақтаймын» - деді ол.
Ақын айтуар Өтегенов Қазақстанның барлық азаматтарына белгілі бір мөлшерде жер тегін берілуі, ол мөлшерден асса жалға берілуі не сатылуы керек деген пікір айтты. Жалпы, сөз алғандар ішінен жер жеке меншікке берілмесін деген ешкім болмады. Шетелдіктерге жер сатылуы керек дегенді де ешкім айтпады.
Облыстық Жер қатынастары басқармасының бастығы Есемұрат Дүзмағанбетов облыстағы бюарлық жер ресурстары туралы толыққанды мәлімет берді. Ал, Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссиядағы Маңғыстау облысының өкілі Даржок Сейбағытов комиссия отырыстары туралы мағлұмат беріп, жақын арада комиссия мүшелері Маңғыстауға да келетіні туралы ақпарат берді.
Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысын облыс әкімі Алик Айдарбаев қорытындылады. Ол Жер реформасы жөніндегі аймақтық штаб құрылғанын қаперге беріп, бүгінгі отырыста ұсыныс-пікірлерін айтқан азаматтардан ұсыныстарын қағазға түсіріп, сол штабқа беруін сұрады. «Ол ұсыныстар қараусыз қалмайды, ең құнды, өзектілер республикалық комиссия талқысына берілетін болады» деді ол.
Айсағали ҚЫДЫР
Суретті түсірген автор