©
Ұлттық бірыңғай тестілеуді қайта тапсыру құны 2242 теңге көлемінде белгіленіп отыр. Биылғы сынақта қажетті балл жинай алмаған түлектер тамыз айында базалық жоғары оқу орындарында екінші рет тест тапсыратын болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«2016 жылы мектеп бітірушілер ҰБТ-ны белгіленген мерзімде 1-15 маусым аралығында тапсырады. Шекті деңгейді жинай алмаған бітірушілер үшін ағымдағы жылдың тамыз айында барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базалық жоғары оқу орындарында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. ҰБТ-ны қайта тапсыруға болатын жоғары оқу орындарының тізімі Білім және ғылым министрлігі тарапынан айқындалады. Шекті деңгейді жинай алмаған бітірушілер тестілеуді төрт пән бойынша қайта тапсырады: оқыту тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні. Тестілеуді екінші рет тапсыру үшін талапкерге тек тұрғылықты жер бойынша жақын орналасқан базалық ЖОО-ға өтініш, 4 сурет, және орта мектепті немесе ТжКО-ны бітіргендігі туралы құжаттар тапсыру қажет», - делінген ҚР Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпаратта.
Қайта тестілеу құны 2242 теңге көлемінде белгіленіп отыр.
Еске сала кетейік, осыған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп түлектеріне екінші рет ақылы түрде ҰБТ тапсыруға мүмкіндік берілетінін хабарлаған болатын. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда ҰБТ тапсырмайтын түлектер саны жыл сайын артып келеді. Осы жылы олардың саны шамамен 46 мың адамды құрады. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Кеше ғана мектеп оқушысы болған 100 мыңнан астам бала жоғары оқудан тыс қалып қояды. Олардың 25 мыңы жоғары оқу орнына да, колледжге де түспейді.
Bnews.kz