©
- Бүгінде «Каспий» тұщыландыру зауыты аздаған қуаттылықпен жұмыс істеп, №6, 7, 8, 9 және 10 керіосмостық қондырғылармен тәулігіне 10 мың текше метр су шығарып отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны 150 мыңнан астам адам: Мұнайлы ауданының Атамекен, Басқұдық, Дәулет, Қызыл төбе, Маңғыстау, Батыр ауылдарының және Қарақия ауданының Құрық ауылының тұрғындары пайдалануда. Жоғарыда аталған қондырғылардың жұмыс істеп отырғанына 10 жылдан астам уақыт болды, олар облыстық бюджет қаражаты (145 млн. теңге) есебінен күрделі жөндеуден өткен.
Зауытта жеке химия-бактеорологиялық зертхана жұмыс істеп отыр. Ол үшін жабдықтарды сатып алуға облыстық бюджеттен тағы 64 млн. теңге бөлінді.
«Зауытта келесі кезеңде №1,2,3,4 және 5 керіосмостық қондырғыларды жаңғырту (толық ауыстыру) жұмыстары орындалады. Бұл үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 600 млн теңге бөлінген. Егер бұрын олардың әрқайсысының қуаттылығы тәулігіне 2 мың текшеметр суға теңелсе, тиісті жұмыстар жасалған соң бұл көрсеткіш екі еселенеді. Бұл бес қондырғы 2016 жылғы қазан айының соңы, қарашаның басына қарай қосымша 20 мың текше метр су береді. Зауыттың орнатылған қуаттылығы (барлық 10 қондырғының өнімділігін есепке алғанда) тәулігіне 30 мың текше метр ауызсудан асады», - деп атап өтті «Каспий» тұщыландыру зауытының директоры Владимир Мурашко.
Жаңғырту барысын облыстың және «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басшылығы үнемі бақылауда ұстап, қажетті қолдауын көрсетіп отыр. Инфрақұрылым нысандары мен көмекші құралдарды жаңғыртуға облыстық бюджеттен 550 млн. теңге бөлінді.