- Маңғыстау облысында бекірені заңсыз ауламақ болды деген күдікпен дағыстандық төрт азамат қолға түсті, - деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі.
Шұғыл ақпаратқа сүйенсек, шекарашылар 6 қараша күні таңғы сағат 5-тер шамасында Баутино ауылының маңында жағалаудан 8 миль қашықтықта байда типтес қайықты байқаған. Қайықты тоқтатпақ болған кезде шекараны кесіп өткендер талапты орындамай іздерін суытпақ болады. Сондықтан шекарашылардың заңға сәйкес оларды ескерту оғын ату арқылы бөгеуіне тура келді. Осыдан кейін ғана олар тоқтап, қайыққа тексеру жүргізілді. Қолға түскен 1974, 1984, 1988 және 1990 жылғы туылған төрт күдікті де Дағыстан Республикасының азаматтары.
Қайықты тексеру барысында балық аулауға арналған броконьерлік құрылғы мен жалпы салмағы 500 келіден астам бекіре тұқымдас балық (104 бас бекіре, 12 бас шоқыр мен қортпа) және 2 итбалық өлі күйінде табылған.
ҰҚК Шекара қызметінің хабарлауынша, оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392 бабы бойынша шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті және 337 бабы заңсыз балық аулады деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда бұл факті жөнінде құқық қорғау органдарына хабарланды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді ҚР ҰҚК Шекара қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="41158,41159,41157,41163,41156"]