Маңғыстаулықтар халықаралық жарыста топ жарып, отырып ойнайтын волейболдан чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Финальдық кездесуде жерлестеріміз германиялық қарыластарын айқын басымдықпен жеңіп, мықтылықтарын мойындатты. Бұл жайында Даниядан телефон арқылы Маңғыстау облыстық мүгедектер спорты клубының директоры Нұралы Құлышов хабарлады.
- Жарыс 4-5 қараша аралығында Дания мемлекетінің астанасы-Копенгаген қаласында өтті. Жарыстың алғашқы күні біздің команда төрт кездесу өткізді. Барлық қарсыластармызды 2:0 есебімен жеңіп, жартылай финальға жолдама алдық. Жартылай финальда мықты команда чехиялықтарды 2:0 есебімен ұтып, финальда германиялықтармен кездестік. Немістерден мықтылықтарымызды дәлелдеп, халықаралық жарыстың чемпионы атандық. Өте қуаныштымыз, - дейді Маңғыстау облыстық мүгедектер спорты клубының директоры Нұралы Құлышов.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимыл мен шеберлiктi талап ететін жарысқа Қазақстан, Эстония, Англия, Голландия, Дания мемлекеттерінің командалары қатысты. Маңғыстау облысы құрама командасының сапында Нұралы Құлышов, Құралбек Сейдов, Бақтықожа Орысбаев, Жеңісбек Өзбекбаев, Нұрлыбек Қожабеков, Бауыржан Оразалиев, Ерболат Алтаев өнер көрсетті.
Венера МИРЛАН