Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 10 айдағы жұмысын қорытындылады. Басқарма басшысы Сапар Аманбеков және қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлім басшысының орынбасары Аманбек Таңатов атқарылған жұмыстарға тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жылыту маусымы басталғанда құбырдан аққан ыстық судың лай аралас болуы – қаладағы өзекті мәселелердің бірі. Тұрғындардың осы негіздегі шағымына байланысты журналистің қойған сұрағына Сапар Аманбеков былай деп жауап берді:
- Бұл сұрақ бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Жалпы жылу жүйесінде жабық түрдегі және ашық түрдегі екі жүйе бар. Республика бойынша көбіне ашық түрдегі жүйе қолданылады. Су күзде жылу берілген кезде қараяды да, артынша тазарады. Осы мәселені шешу бағытында қазір жұмыстанып жатырмыз, жобалар дайындадық. Біз республикалық бюджетке ұсынып отырмыз, өйткені облыс бюджетіне ауырлау болады. Шамамен 8 миллиард қаражат керек болады. Жоба қолдау тапты, дегенмен қаржының тапшылығына байланысты биылдан қалып отыр. Егер тұрғын үй кооперативтері өз уақытында құрылғыларды жуып-шайып, тазалап отырса, мұндай мәселе болмас еді. Өкінішке қарай, олар бұл функцияларды орындамайды. Жылу өндіретін МАЭК Казатомпром мекемесі тұтынушыларға суды тап-таза күйінде шығарып береді. Тасымалдап әкелетін құбыр да таза. Бірақ үйге бір кіріп шыққанда лас суды ала шығады. Сондықтан біз жаңа жобаны іске асырмақпыз. Сол кезде құбырдың ішіндегі су сонда қала береді де ыстық су үйлерге бөлек жылытылып баратын болады, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, ол шалғайдағы елді мекендерді газбен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, қаланың кіре берісінен бастап, орталықтағы жол жиектері, газон, гүлзарларды көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Бұл бағытта облыс әкімінің қалаға қара ағаштарды ғана екпей, өзге ағаш түрлерін алдыру, отырғызу туралы тапсырмасы да ескерілген.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) мен балалар ойнайтын алаңқайлар санын көбейту, оларды заманауи құралдармен жабдықтау да қолға алынған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА