©
Өңірлік коммуникациялар қызметінде бүгін Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков осылай деді. Аталмыш басқарма бүгін 10 айлық жұмысының қорытындысымен таныстырды.
Маңғыстау облысының тұрғын үй қоры 1571-ді құрайды. Көп қабатты тұрғын үйлерге толықтай жылу қосылған. Оның ішінде Ақтау қаласында - 942, Жаңаөзен қаласында 262 үй және аудандарда 367 үй.
2017-2018 жж. жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындау мақсатында облыс әкімінің қаулысымен облыстық штаб құрылып, жұмыс жоспарлары жасақталған.
-2017-2018 жж. жылыту маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілді. Облыс бойынша 10 қазаннан бастап жылыту маусымына кірдік. 373 – білім беру нысаны, 95 – денсаулық сақтау нысандары, 140 – әлеуметтік сала нысандары, барлығы 1571 нысан жылу жүйесіне қосылды. Ақтау және Жаңаөзен қаласы бойынша жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 779 шақырым болса, 2017 жылы оның 20 шақырымын жөндеуден өткіздік. Қажетті жылуды тұтынушыларға өз деңгейінде жеткізіп отыр деп айта аламыз. Тек жылу жүйесі емес, су, электрмен, газбен жабдықтау жүйелері қысқа толық дайын, - деді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков.
Сапар Аманбековтің айтуынша, қысқы маусымға дайындалу мақсатында облыстық бюджеттен тағы 100 миллион теңге бөлінген. Ол барлық аудан мен екі қаладағы бітпей қалған жұмыстарға, қосалқы қондырғыларды алуға жұмсалған. Облыс бойынша барлық 391 қазандық 100% дайындықтан өткен.
Брифингте қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлім басшысының орынбасары Аманбек Таңатов сөз алып, Ақтау қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
-Көктем кезінде жылыту маусымы аяқталғаннан кейін гидравликалық сынақтар өткізілді. Магистральді желілердің бойындағы ақаулар анықталып, жұмыс жоспары соған сәйкес жасақталды. МАЭК-Казатомпром өзіне тиісті ұзындығы 900 метр магистральді жөндеуден өткізді. 617 метрлік су құбырын да жөндеді. Жалпы қала ішінде 4,1 шақырым жылу желілеріне, 3,1 шақырым су құбырларына, сондай-ақ, кәріз жүйелеріне де жөндеу жүргізілді. Барлық жұмыстар дайындық маусымында уақытымен аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 946 тұрғын үй, 110 әлеуметтік нысанда ешқандай кедергісіз қалыпты жағдайда жылу жүйесі жүруде, - деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлім басшысының орынбасары Аманбек Таңатов.
2017 жылдың 10 айы ішінде 14, 13, 26, 1(ауруханалар қалашығы) шағын аудандарда тротуарлар толық жөнделген.
-Сонымен қатар, кейбір жерлерде қоқысқа арналған контейнердің жетіспеушілігі болған соң, қосымша 300-дей контейнер алдық. Бірнеше шағын ауданға орнатып, сырттарын қоршадық. Қала бойынша қоқыс жәшіктері қоршаусыз тұрған 5 шағын аудан бар. Оларға қоршау тұрғызу алдағы жылға жоспарланып отыр, - деді Аменбек Таңатов.
Сондай-ақ, ол бюджет қаражатының мүмкіндігінше 3 спорт алаңын жөндеуге кіріскендерін жеткізді. 2 және 4 шағын аудандағы спорт алаңдарының жөндеу жұмыстары аяқталған. Ал 11 шағын аудандағы алаң жөнделу үстінде. Жалпы алаңдар, балалар ойнайтын алаңқайлар қауіпсіз, бүлдіршіндер жарақат алмайтындай болуы үшін арнайы төсенішпен жабдықтауды қолға алған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА