©
«Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдық мерекесі аясында Маңғыстаудың биік нүктесі Отпан тауда қазақтың қара қылды қақ жарған үш биі - Қазыбек би, Төле би және Әйтеке бидің құрметіне ескерткіш ашылды. Ескерткіштің авторы - маңғыстаулық мүсінші Көшер Байғазиев. Ескерткішті ашу құрметі Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Өмірзақ Озғанбайұлына және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адайға берілді. "Отпан" тарихи-мәдени кешенінің, "Адай ата" кесенесінің ашылғанына 10 жыл толуына байланысты "Ерліктің асқары, бірліктің бастауы - Отпан" атты мерекелік шарада облыс басшысы Ералы Тоғжанов құттықтау сөз сөйлеп, ақсақалдар ақ батасын берді. - Отпан тау - халық аузында ертеден айтылып келе жатқан киелі орын. Кез келген киелі орын, кез келген киелі аймақ сол жерде өмір сүріп жатқан ұлттың өкілдерімен баянды. "Жалғыз түп жусан" түбінде қазаққа ортақ намыс бар. Сол намыс, рух оянбайынша біз ешуақытта өркендеп, өсе алмаймыз. Ұлттың ішкі рухы - оның өсуінің кепілі. Біздің басты мақсатымыз - ел болып, халық болып бұқара халықты жұмылдыру арқылы ұлттық сананы ояту. Ұлттың өз дәстүрімен, өзінің салт-санасымен қайта табыстыру. Сол салт-сананың аясында қазақтың бойындағы ар-намысты ояту арқылы туыстықты баянды ету. Сол туыстық арқылы болашаққа бірге қадам басу және болашақ ұрпаққа мына ұлан-ғайыр даланың бізге дейінгі тарихын және бізден кейінгі баянын дәріптеу. Осы тұрғыдан ұлтымыздың қорғаны Адай-ата ескерткішін, ел қорғаған батыр бабамызға кесене тұрғыздық. Бұл әке, ата жұрт, атамекен деген ұғымға да келеді. Аналарымызға да құлпытас қойдық. Ол - Отан-ана деген, елді, жерді сүю деген қағида. Енді, міне, Отпан тауға қазақтың үш биі - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді әкеліп тұрмыз. Бұл - Маңғыстау халқының өз тегіне, ұлтына деген құрметі, жүрегінің махаббаты, - деп атап өтті ақын Сабыр Адай. Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40305,40304,40307,40310,40330"]