©
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ағымдағы жылдың 9 айлық қорытынды жиналысында мемлекеттік органдардың кадрлық жай-күйі де талқыланды. Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл уақыт аралығында Маңғыстау республика бойынша кадр ауысушылығы және бос орындар санынан жоғары деңгейді көрсетіп тұр.
Олар бұл бағытта жұмыстарды жетілдіру үшін барлық мемлекеттік органдардың басшылары мен кадр саласына жауапты мамандарының басын қосқан түсіндіру жұмыстарын өткізгенін жеткізді.
- Мемлекеттік қызметке қызығушылықты күшейту қажет. Өйткені облыста 1 бос орынға 0,6 %-дан келеді, яғни 1 орынға 1 адамнан да келмей тұр. Жергілікті атқарушы органдарда 1347 орын болса, оның 172-сі - бүгінгі таңда бос. Оны толықтыру үшін жауапты мамандарға тапсырма берілді. Жыл соңына дейін жас мамандарды тарту бойынша жәрмеңкелер, шаралар нәтижесімен орындар толықтырылады деп күтілуде, - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Оразбекұлы.
Жиында мемлекеттік қызметтерде орын алған кемшіліктермен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан Әдеп кодексі талаптарының сақталмауы да сөз болды.
Маңғыстау облысы Әдеп жөніндегі кеңесте 55 мәселе қаралған, оның 40-ы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты.
Департамент мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желілердегі парақшаларына мониторинг жүргізген. Алғаш рет жүргізілген мониторинг барысында кейбір мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексі нормаларының талабын бұзғаны анықталған.
- Биылдан бастап агенттіктің тапсырмасы бойынша әрбір мемлекеттік органдағы қызметшілерге кестеге сәйкес мониторинг жүргіздік. Бұл іс-шара алдын алу бағытында жасалды. Профилактикалық іс-шара болғандықтан, анықталған 9 қызметшінің екеуіне ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Мұндай кемшіліктер екінші тексеру барысында орын алған жағдайда басшы құрамы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдық орындарда спирттік ішімдектермен немесе басқа да әдетке жат қылықтағы суреттерін өзінің жеке парақшаларына орналастыруға тыйым салынады, - деді аумақтық департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Долдашев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН