©
Аталарымыз ардақтап, мүмкіндігінше таза күйінде ұрпаққа жеткізіп келе жатқан асыл дініміздің қадірін кетіріп бара жатқан жат ағымдар жастарды жаппай улауға тиісті емес. Әр жерде жарылыс, атыс сияқты қайғылы оқиғаларды қолдан жасап, соңын соғысқа дейін ұластырып жатқан теріс ағымдардың жолын бүгін кеспесе, ертең кеш боп қалуы мүмкін. Осы күннің өзінде дінді білімсіз ұстанғандардың кесірінен қаншама отбасы ойрандалып, ата-аналар аңырап қалды. Ал оның алдын алып, ұл-қыздарымызды экстремистік жолдан сақтандыру үшін үгіт-насихат шараларының орны бөлек.
Таяуда Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы аясында Қарақия ауданының Құрық ауылындағы орта мектеп гимназиясында жоғары сыныптар оқушыларымен кездсу өткізді.
«Діни эксремизм мен терроризмнің алдың алуға өз үлесімізді қосайық» тақырыбында ұйымдастырылған басқосуды ашқан Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев ашып, жүргізіп отырды.
Оқушылар алдында «Әл-Фатима» қоғамдық қорының директоры Күнзила Әмин, Мұнайлы аудандық Қызылтөбе мешітінің найб имамы Мейрамбек Шағалақ, Қарақия аудандық мешітінің бас имамы Хамит Табарақ сөз сөйледі. Олар Ислам дінінің тазалығы мен құндылығы жөнінде әңгімелеп, жастарды жан баласына зиян тигізбейтін, бейбітшілікті сақтап, сабырлы болуға үндейтін хақ дініміз бен арам пиғылды ағымдар арасын айырып айтты.
Оқушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Матжан Рамазанұлының өрімдей жас кезінде соғысқа араласқаны, қанды қасап соғыста көрген азаптары мен қазақ жігіттерінің ерлік істері туралы айтқан әңгімесін қызыға тыңдады.
Кездесуге қатысушылар балалардың сан түрлі сауалдарына жауап берді.
- Біздің бірінші парызымыз—балалармызды Отанды сүюге тәрбиелеу,-дейді М.Шаулиев.-Өз Отанын жанындай жақсы көрген бала ешқандай ағымның жетегінде кетпесі анық. Біздің осынау тамаша кездесу ұйымдастыруымызға көмек көрсеткен Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқали мен ішкі саясат бөлімінің қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА