Маңғыстау облыстық «Үлгілі ауыл» байқауына 8 ауыл қатысып жатыр. Олар халық саны 3000-нан көп (Таушық, Жетібай, Боранқұл, Дәулет) және 3000-нан аз (Сарға, Сенек, Қызылөзен, Ұштаған) ауылдар болып екі топқа жіктелген. Бүгін сарапшы комиссиясының отырысы өтіп, онда қатысушы ауылдардың қорытынды анықтамалары таныстырылды.
Облыстық конкурстың қорытындысы бойынша құрылған жұмыс тобы бір апта ішінде аталған ауылдарды аралап, барлық объектілермен танысты. Олардың жұмысына 18 номинация бойынша баға беріп, қорытындысында дайындалған материалды бүгін сарапшы комиссияға әкеліп таныстырды.
Байқауда ауылдардың білім беру, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктеріне, әлеуметтік нысандарына назар аударылды. Көгалдандыру жұмыстары, тазалығы мен архитектуралық келбеті ескерілді.
- Осыдан 10 шақты жыл бұрынғымен салыстырғанда ауылдардың абаттандыруға көп көңіл бөлетінін байқадық. Ауылдардың кемшіліктері де, жетістіктері де бар. Халықтың күйінің жақсарғандығы болар, аулаларын көгалдандыра бастапты. Мысалы, Сенек ауылы тұрғындарының 90 пайызының ауласы жасыл желекке оранған. Сол аулалардан өнім алып отыр. Таушықта қаладағыдай бүкіл көшенің бойына тротуар салып, жиектеріне жасыл-желек отырғызған. Адам жиі жүретін орындарда жанында урнасы бар бірнеше скамейкалар қойылған.
Жетібай ауылындағы «Айналайын» балабақшасының ауласында өсіп тұрған 500 ағаштың әрқайсысы нөмірлеулі тұр. Ол ағаштар қашан өсірілген, немен ауырады, қай кезде қоректендірілді, қашан қоректендіру қажет екендігі түгелдей жазылған. Ұштағандағы мектепте қысқы бақ бар. Оны біз облыс көлемінде басқа жерден кездестіргеніміз жоқ. Сенек, Таушық ауылдарының кіре берісі көз тартарлық. Бұрын өлкеміздегі ең лас ауылдардың бірі Жетібай соңғы жылдары тазара бастаған. Боранқұл ауылында да осы жағдай. Біз қорытынды анықтаманы әкелдік, енді сол бойынша комиссия шешім шығаратын болады, - деді конкурстың қорытындысын шығару жөніндегі жұмыс тобының басшысы Орынбасар Тоғжанов.
Тағы оқыңыздар: Жаңаөзенде жұмыс істемейтін 2 бекетке газ заңсыз берілген2002 жылы облыстық конкурста алғаш рет Бейнеу ауданының Сарға ауылы "Үздік ауыл" атағын жеңіп алған. Бірнеше жыл өткен соң байқау қайта жаңартылып өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар байқауды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ.
Жеңімпаз ауылға 10 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа беріледі. Жұмысшы тобы өкілдерінің мәлімдеуінше, сыйлықтың 80 пайызы ауылды абаттандыру жұмыстарына жұмсалуы тиіс. Айта кетейік, 1,2 орынға ие болғандар 3 жылға дейін байқауға қайта қатыса алмайды. Ал сайыс қорытындысы таяу күндері жарияланатын болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН