©
Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында басқарма төрағасы Елдан Әлібеков мәлімдеді. Маңғыстау облысындағы алғашқы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі көлік логистикасы саласында енгізілді. Оның нәтижесі - 2009 жылы іске қосылған «Ақтау халықаралық әуежайы». Қазіргі таңда Маңғыстау облысында білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру, ауыл шаруашылығы және экономиканың өзге салаларында 30-дан аса мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі негізінде жобаларды іске асыру көзделген. - Олардың ішінде облыс үшін әлеуметтік маңызы бар жобалар жетерлік. Ерекше атап өтетін болсақ, Жаңаөзен қаласындағы гемодиализ орталығының қызметін ұйымдастыру. Бұл жобаның мақсаты – созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға гемодиализ жүргізуді қамтамасыз ету. Екінші жоба - тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қарақия ауданында қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метрді құрайтын су тұщыту зауытын салу. Жобаның құны - 50 млрд. теңге. Қазіргі таңда конкурстық құжаттамасы жасақталуда. Сондай-ақ Құрықта су тазарту қондырғысын салу және пайдалану көзделген. Жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі нәтижесінде Жаңаөзен қаласында оңалту орталығын салу жобасы қолға алынуда. Ал биылдан бастап жалпы сомасы 4,4 млрд. теңгені құрайтын 9 әріптестік жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Олар - бес балабақша, үш спорттық кешен және Ақтау қаласында көппәтерлі тұрғын үй салу жобасы. Аталған жобаларды ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқтау көзделген, - дейді Елдан Шарапатұлы. Жалпы айтқанда, әріптестік орталық білім беру саласында 13, денсаулық сақтау жүйесінде 7, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 3, көлік және логистика саласында 3, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласында 2, ауылшаруашылығы, спорт және мәдениет салаларында 1 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Тағы оқыңыздар: Бекер мал шашуды қашан қоямыз? Елдан Шарапатұлының мәліметіне сүйенсек, әріптестік жобаны сақтау кезінде оның төрт белгісі сақталуы қажет. Олар - шарт жасасу, жобаны іске асыру мерзімі ең кемінде үш жылдан отыз жылға дейін болуы, мемлекеттік және жеке әріптестердің бірлесе қатысуы, сондай-ақ әріптестік тараптардың ресурстарын біріктіру. Әріптестік жобаларды іске асырудың негізгі қағидаты конкурстыққа және нәтижелілікке негізделуі. Сонымен қатар кез-келген жобаның инновациялық белсенділігі болуы шарт. Голрох ЖЕМЕНЕЙ