Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш ашылған аудан – Мұнайлының құрылғанына 10 жыл толды. Осыған орай аудан көлемінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, бірқатар нысандар халық игілігіне берілді.
Соның бірі – Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы «Мұхамбет» медициналық орталығы. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев, облыстық денсаулық саласының өкілдері мен ауыл тұрғындары салтанатты түрде орталықтың ашылу рәсімін өткізді. Руслан Сакеев облыс басшысы Ералы Тоғжановтың атынан орталыққа теледидар табыс етті.
Басқұдық ауылында бүгінде 30 мыңға жуық халық тұрады. Алғашында 15 дәрігермен өз жұмысын бастаған ауданның медицина саласында қазір 240 дәрігер, 570 орта буынды медбике жұмыс істейді.
- Аудан 2007 жылы ашылған тұста 43 мың халық болса, қазір 149 мыңға жетті. Әрине, 10 жыл ішінде бәріне үлгеру мүмкін емес. Бірақ бұл уақыт аралығында жаңадан 7 дәрігерлік амбулатория, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, жедел жәрдем бөлімшесі, түбіркүлезге қарсы бөлімше ашылды. Басқұдық ауылында 10 мың халыққа арналған жалғыз дәрігерлік амбулатория қауырт, кезек күттіріп жұмыс істеп келген еді. Мына ашылып жатқан «Мұхамбет» жеке меншік медициналық орталығы бізге көмек болады деп ойлаймын. Қалаға жақын болғандықтан невропотолог, дермотолог, офтальмолог, гинекологтар көмекке қаладан келіп жатыр. Басқұдық ауылының тұрғындары «Мұхамбет» медициналық орталығынан сапалы қызмет алады деген сенімдемін, - дейді Мұнайлы ауданы денсаулық саласының үйлестірушісі, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айларбек Шыршықбаев.
Орталықтың негізгі бағыты – медициналық консультациялық қызмет беру. Мұндағы 12 дәрігер, 20 мейірбике ауысымына 150 адамға дейін қабылдап, қызмет көрсете алады.
Айта кетейік, орталық – Мұнайлы ауданының медицина саласына жергілікті кәсіпкердің мерейтой қарсаңындағы тартуы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН