©
Зауыт Мұнайлы ауданының 10 жылдығы қарсаңында ашылып отыр. Маңғыстау ауылында іске қосылған нысан жеке кәсіпкер Ерсұлтан Асқаровтың қолға алған игілікті ісінің нәтижесі.
Зауыт тәулігіне 120 тонна жоғары және 1-сұрыпты ұн, 30 тонна кебек беріп, 30 адамды жұмыспен қамтуға негізделген.
-Қадірменді Мұнайлы ауданының азаматтары, қонақтары. 10 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын. Елбасымыздың арқасында кәсіпкерлігіміз дамып, азаматтарымыз елдің, жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда. Олардың халықтың жағдайын жақсартуға, жұмыссыздықты болдырмауға жасап жатқан саясаты құптарлық. Мына өзіміз куә болып отырған ұн-жарма зауыты соның бір дәлелі. Сонымен қатар, бүгін көптеген нысан халық игіліне ұсынылып отыр. Оның барлығы елдің әл-ауқатының өсіп келе жатқанын айқындайды. Қасиетті жұмаға тұспа-тұс келіп отырған іс-шарамыздың нәтижесі оң болсын, ұзағынан сүйіндірсін. Зауыттарымыздың іші ұнға, нанға толсын. Халқымыз тоқ, уайым жоқ болсын, - деді өз құттықтауында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев.
Ұн-жарма комбинатының директоры Ақжібек Сәкенқызының айтуынша, зауыт қазан айының соңында толықтай іске қосылады.
-Мұнайлы ауданының 10 жылдығына орай ұн-жарма бөліміміздің бірінші астық сақтау қоймасы ашылып жатыр. Қазан айының соңында комбинат толығымен іске қосылған кезде 50 шақты адам жұмыспен қамтылмақ. Оның ішінде Мұнайлы ауданының азаматтарын іске тарту міндеттеліп отыр. Маңғыстау облысының, Мұнайлы ауданының әкімдіктеріне өз атымыздан алғысымызды білдіреміз, - деді ол.
Салтанатты түрде іске қосу тетігі басылған соң жеке кәсіпкер, комбинат иесі Асқаров Ерсұлтан зауыттың жұмысы жөнінде ақпарлама берді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН