Бейнеулік ана үшемдерді өмірге әкелді
[ 2017 ] 5 қазан, 08:27 | Жаңалықтар
Күз мезгілі Серікбаевтар отбасы үшін үлкен қуанышпен басталды. Қыркүйек айының 22-сінде Бейнеу ауданының тұрғыны Балғазы мен Нұрияның отбасы бір ұл, екі қызбен толықты. 4 қазан күні үшемдерді әкесі мен бауырлары облыстық перинатальдық орталықтан шығарып алды.
- Бүгін - отбасымызда үлкен қуаныш. Жаратқан ие үшемді сыйлап, көңілімізді көтерді... Ұлым Балғынбек тоққа түсіп екі қолынан айырылып қалғанда облыс халқы көмек көрсетті. Жиналған қаражатқа жақын күндері ұлыма протез салдыртамыз. Дер кезінде көмек қолын созып, қамқорлық танытқан жандарға алғыс айтамын. Сәбилер жыламасын, бейбіт елде балалық шақтары бақытқа толы болып өссе деймін. Қазіргі таңда ескі үйде тұрып жатырмыз, үйіміз суық. Бұрын жеке төрт бөлмелі баспанамыз болған еді. Балғынбегіміздің еміне қаражат қажет болып, сатып жібердік, - дейді үшемнің әкесі, 33 жастағы отағасы Балғазы Серікбаев.
Облыстық перинатальдық орталығы жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Әлия Өтеуленованың айтуынша, үшемдер 33 апта толғанда кесір тілігі арқылы өмірге келген. Алғашқы болып дүние есігін ер бала (салмағы 2 340 грамм), қос қыз (салмақтары 2 090 және 2 270 грамм) ашқан. Қазіргі таңда ананың да, балалардың да жағдайы жақсы.
Бүгінде Балғазы мен Нұрияның отбасында Балғынбек, Ақманар, Нұржауған, Айқын мен Айдын атты егіздер өсіп келеді. Ал, шаңыраққа үлкен қуаныш сыйлаған кішкентай сәбилердің есімдерін енді ата - анасы Елжан, Маржан, Айжан деп атамақшы.
Венера МИРЛАН
1252
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.