Ақтау қаласындағы «Арман» жастар орталығында аймақ дәрігерлерінің қатысуымен «Данышпан-2017» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті. Шараны облыстық облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының тапсырысымен «Health Aktau» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
- Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында «Данышпан-2017» зияткерлік ойыны өткізілуде. Басты мақсат-салауатты өмір салтын халық арасында насихаттау, медицина қызметкерлерінің қоғам алдында беделін арттыру, жас мамандардың шығармашылық және интеллектуалды потенциалын дамытуға жағдай жасау, медицина қызметкерлерінің арасында интеллектуалды белсенділіктің дамуын қамтамасыз ету. Бұған дейін «Данышпан» зияткерлік ойынының Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында іріктеу кезеңдері өтті. Ол жерден үздік танылып, топ жарғандар бүгін облыстық кезеңде бақтарын сынауда. Өткен жылы облыстық кезеңнің жеңімпазы Жаңаөзен қаласының құрама командасы атанды, - дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры Нұрсұлу Мұхамедиярова.
Сайысқа №1 Ақтау қалалық емханасы, Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасы, Бейнеу және Мұнайлы аудандық ауруханаларының командалары қатысып, бақтарын сынады. Ақ халатты абзал жандар логикалық сұрақтарға жауап беріп, капитандар өзара сайысты. 1,5 сағатқа созылған сайыстың қорытындысында Мұнайлы аудандық ауруханасы топ жарып, бірінші орынды иеленді. Жүлде қоры-50 мың теңге. Екінші орыннан №1 Ақтау қалалық емханасы көрінсе (40 мың теңге), үшінші орынға Бейнеу аудандық ауруханасы (30 мың теңге) тұрақтады. «Үздік капитан» аталымына №1 Ақтау қалалық емханасының кардиолог-дәрігері Ақмарал Акимова лайық деп танылды.
-Зияткерлік ойынына осымен үшінші рет қатысып отырмыз. Өткен жылы «Данышпан» зияткерлік сайысынан екінші орынды, биыл жыл басында қалааралық сайыстан бірінші орынды иелендік. Бұл жолы еншімізге-екінші орын бұйырды. Көп сұраққа жауап беріп, ұпай саны жағынан басым түсіп, «Үздік капитан» аталымын еншіледім. Өте қуаныштымын. Логикалық сұрақтар бойынша «Тарихқа тағзым» аталымының сұрақтары өте күрделі болды. Ойын өте тартысты өтті. Алдағы жылдарда да «Данышпан» зияткерлік ойыны жалғасын тапса деген ұсынысымыз бар,-дейді кардиолог-дәрігері Ақмарал Акимова.
Венера МИРЛАН