©
Өткен аптаның соңында Ақтау қаласындағы және қала маңындағы бірнеше жанармай бекеттерінде кезекке тұру дәстүрі қайта жалғасын тапқан болатын. Тұрғындар бекеттердегі кезектің көптігін, жанармайды тек талонмен ғана таратып жатқанын айтып дабыл қақты. Бұл мәселеге қатысты бүгін МО кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева мәлімдеме жасады.
Осы жылдың 18 тамыз-18 қыркүйек аралығында Атырау Мұнай өңдеу зауытына, 20 қыркүйек-26 қазан аралығында Павлодар Мұнай-химия зауытына жаңғыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
МО кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаеваның айтуынша, өнімдерінің көлемі бойынша көш бастап тұрған зауыт болғандықтан, жанармай тапшылығы жалпы республикаға әсер етіп жатыр. Яғни, тек Маңғыстау облысы ғана емес, барлық аймақта бұл мәселе бар.
Жыл басында АИ 92 – 135 тг. АИ 95 – 149 тг. дизельдік отын – 128 тг. болған еді. Жыл ортасында да осы баға сақталды. Ал бүгінгі күні жанармай бағаларының орташа көрсеткіші бойынша АИ 92 – 148,5 тг. АИ 95 – 161 тг. дизельдік отын – 148 теңгені құрап отыр.
Бірнеше бекеттен байқағанымыздай, бензин сатылымда жоқ, тек талонмен ғана үлестіріліп жатыр.
- Ақтау қаласындағы 11 жанармай бекетінде демалыс күндері ешқандай да жанар-жағармай сатылған жоқ. Тек талонмен ғана берілді. Бұл компаниялар арасындағы келісімге байланысты. Әр компания бірінші кезекте шарттық міндеттемелерді орындауы қажет. Қазір бекеттердегі талонмен жанармай тарату жұмысы толықтай бақылауда. Кез келген зауыт ауқымды әрі сапалы қызмет атқару үшін жаңартылуы қажет. Қараша айында мәселе шешіліп, қалыпқа келеді, - деді МО кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.
https://youtu.be/Pf6RUpbwVWgОқырманнан келген бейнежазба
АИ 92 бензинін қолданатын Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында жанармай тапшылығы қыркүйек айының ортасында-ақ басталған. Транспорттың 70 пайызы сұйылтылған газбен жүретіндіктен біздің аймақта байқалмаған. Өткен аптаның соңындағы бензин тапшылығы салдарынан сұйылтылған газға сұраныс артыпты. Сондықтан басқарма басшысы 1 қазаннан бастап қосымша сұйылтылған газ әкелініп жатқанын хабарлады.
- Жанар-жағармайдың қоры таусылды. Осыған байланысты сұйылтылған газ жеткізу көлемін арттырдық. Әдетте 460-480 тонна газ әкелінетін болса, 1 қазаннан бастап біз оны 506 тоннаға көбейттік. Оның 292 тоннасы жеке меншік бекеттерге, 213 тоннасы «ҚазМұнайГазөнімдері»-не тиесілі. Әзірге жағдай тұрақталғанша осылай күн сайын қосымша беріліп отырады. Бензин толыққанды жеткізілмейінше, осы режимді ұстанамыз. Бекеттердегі кезек тек Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданында ғана. Өзге аудандарда мұндай кезек жоқ. Қаладағы бекеттерде кезек туындау себебі бензинмен жүретін қымбат көліктердің көптігімен байланысты, - деді ол.
Республика бойынша салыстырмалы түрде Маңғыстау - жанар-жағармайды ең аз қолданатын аймақ. Дегенмен транспорттың 30 пайызы АИ 92, АИ 95 бензиндерін тұтынады. Басқарма басшысы осы мәселе бойынша 3 күннен соң тағы да мәлімдеме жасайтынын жеткізді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="37845,37846,37847,37848,37849,37850,37851"]